Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі
Қазақстанның азық-түлік тауарларын шығаратын компаниялары өз өнімдерін Қатар нарығына экспорттауға мүдделі. Бұл туралы Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дохада өтіп жатқан үшінші Қатар экономикалық форумы аясында мәлімдеді. Үкімет басшысы Қатар Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдурахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
«Қазіргі уақытта ет және ет өнімдерін, сондай-ақ жалпы азық-түлік тауарларын шығаратын қазақстандық компаниялардың көп бөлігі өз өнімдерін Қатар нарығына экспорттауға мүдделі болып отыр. Осыған байланысты мен біздің елдеріміз арасында Халал сертификаттарын келісу рәсімдерін жеделдету орынды деп санаймын», — деді Әлихан Смайылов.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылаған. Атап айтқанда, сауда, агроөнеркәсіптік кешен, инвестиция тарту және азаматтық авиация салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективалары қаралды.
Әлихан Смайылов соңғы жылдары Қазақстан мен Қатардың екіжақты қарым-қатынастары орнықты дамып келе жатқанын, бұған екі мемлекет көшбасшыларының белсенді байланыстары ықпал еткенін атап өтті.
Сонымен қатар қазіргі кезде қазақстандықтар мен қатарлықтардың екі бағыттағы туристік сапарларға деген қызығушылығы артып келе жатыр. Тарата айтқанда, бұған Qatar Airways әуекомпаниясының Алматыға тікелей рейстерінің көбеюі ықпал етті. Өз кезегінде, қазақстандық Fly Arystan компаниясы да осы жылдың соңына дейін Астанадан Дохаға тұрақты рейстерді бастауды жоспарлап отыр.
Өз тарапынан шейх Мұхаммед бин Абдурахман Әл Тәни екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша өзара тиімді іс-қимылды нығайтуға дайын екенін білдірді.