ТМД-да қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру жөніндегі халықаралық орталық құрылады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

ТМД елдері қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру және терроризм тәуекелдерін бағалау бойынша халықаралық орталық құру туралы келісімге келді.

«22 мамырда ТМД-ның штаб-пәтерінде Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі халықаралық орталық құру туралы келісім жобасын талқылауға қатысты сараптамалық топтың отырысы өтті. Мемлекеттерден түскен ескертулер мен ұсыныстарды қарастыра келе, сарапшылар құжатты жүзеге асыруға келісті», делінген ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Кездесуге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Достастық Атқару комитетінің өкілдері қатысты. Енді ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысына белгіленген тәртіппен аталған келісім жобасы енгізілетін болады.

Сонымен бірге хабарламада қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалаудың халықаралық орталығын құру – ТМД мемлекеттері арасындағы қылмыстың осы түрлерімен күрес саласындағы ынтымақтастықты жақсартуға жол ашатыны айтылған. Жоба тиімді мемлекетаралық қатынастарды қолдауға көмектесіп, қаржылық барлау бөлімшелерінің жұмысы арқылы ақпараттық өзара іс-қимыл жүргізе отырып, жоғары ұлттық тәуекелдердің алдын-алуға септеседі.

Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы қаралып жатыр. Онда активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюға, оларды ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге және т. б. бағытталған нормалар қарастырылған. 

Жалпы, Құқық қорғау органдары қылмыстық істер шеңберінде жалпы сомасы 620 млрд теңгеге активтерді қайтаруды қамтамасыз етті, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар елге қайтарылғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз