Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді

Жарияланды
тэц
Фото: Primeminister.kz

Үкімет Көкшетау қаласын қысқы мерзімге дайындауға көшті. Өңірлік жылу электр орталықтары мен басқа да жылу көздерін алдағы қысқа дайындау мақсатында Көкшетау қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарына 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Бұл қаражат қаланың өз резервінен бөлінген және оған шаһардағы тозған екі қазандықты жөндеу жоспарланып отыр. Қазандықтардың бірі 1977 жылы салынған, екіншісі 1998 жылдан бері қаланы жылумен қамтамасыз етіп келеді. Бұл нысандардың түтін мұржалары, қазандық қондырғылары, газ құбырлары мен ауа жылытқыштары жөндеуден өтеді.

«Нәтижесінде 2023-2024 жылдардағы және одан кейінгі жылыту маусымы іркіліссіз өтуі қажет. Бүгінде жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мен жалпы жергілікті экономиканың дамуы аясында Көкшетаудың энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін толыққанды жылу электр орталығының құрылысы пысықталып жатыр», делінген хабарламада.

Екібастұздағы жағдайдан кейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайловқа ел қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.  

Сонымен бірге президент мемлекеттік проблемалық жылу электр стансаларын бюджет есебінен жөндеуді тапсырды. «Инвестицияларға айырбас тарифі» бағдарламасы бойынша жекеменшік ЖЭО-лар өз қаражаты есебінен жаңғыртылуы тиіс екіндігін айтқан Мемлекет басшысы, Үкіметке бұл мәселелерді шешуге шұғыл кірісуді тапсырды.

Содан кейін, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстандағы барлық жылу желілері 14 жыл ішінде жаңартылатынын, оларды жаңғыртуға 2 триллион теңгеден астам қаржы кететінін хабарлады.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында Кентау қаласында жылу орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеген.

Ал қыста қала хылқын сарсаңға салған Екібастұз жылу электр орталығын жаңғыртуға 15 млрд теңге кететінін Орталық Азия энергетикалық компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Орал айтты.

1.9 млрд теңгеге жөндеу көзделген Көкшетау қаласының жылу энергиясын өндіруді «Көкшетау жылу» ШЖҚ МКК жүзеге асырады. Оны Руслан Мәкішев басқарады. Кәсіпорын мемлекет меншігінде және Көкшетау қаласы әкімі аппаратының балансында.

2021 жылы Көкештеу қаласы халқының саны 163 мың адамды құрады. Соған қарамастан, қала орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етілмеген және жеке электр қуатын өндірмейтін Қазақстандағы жалғыз облыс. Қала тұрғындары ыстық су алу үшін жекелеген су жылыту құрылғыларын пайдаланады.

Сондай-ақ оқыңыз