Рубльді экспорттау – шетел валютасына қатысты теңгерімсіздікті жоюға бағытталған – Ұлттық банк

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Рубльді экспорттауға рұқсат беру қолма-қол шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоюға бағытталған, деп хабарлайды Интерфакс Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хабарламада банктерге Қазақстаннан қолма-қол рубльді әкетуге рұқсат беру қолма-қол шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті тегістеуге бағытталған алдын алу шараларының қажеттілігінен туындап отырғаны айтылған.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі қолма-қол рублдің жалпы көлемі шамамен 4,9 млрд рубльді құраған. Ал 2022 жылдың маусым және желтоқсан айларының соңындағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі бұл көрсеткіштің мәні 38,3 млрд және 14,9 млрд рубль көлемінде болған.

«Бұл шара негізінен қолма-қол шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті және қолма-қол рубльдің артық массасы қалыптасқан кезде екінші деңгейлі банктер ұшырауы мүмкін шығындар арасындағы теңгерімсіздікті тегістеу үшін жасалып отыр», деп жауап берген банк өкілі.

Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктерден алынған есептердің деректер жиынтығы форматында (резиденция бойынша бөлуді қоспағанда) ұсынылатынын атап өткен.

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығымен елімізде шетел валютасын экспорттауға шектеу белгіленген. Соған сәйкес 10 мың АҚШ долларынан асатын шетел валютасындағы қолма-қол ақша немесе ақша құралдарын шетелге шығаруға шектеу қойылған.

«Бүгінде Қазақстан Республикасынан шетел валютасын оның ішінде ресей рублін Жарлықта белгіленген шектерде әкетуге болады», делінген хабарламада.

Қазақстан үкіметі банктерге 2023 жылдың соңына дейін елден қолма-қол рубль валютасын шығаруға рұқсат беретін құжат жобасын дайындады. Бұл жоба «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр. Жоба қабылданған соң, 2024 жылдың 1 қаңарына дейін қолданыста болады.

Сондай-ақ оқыңыз