Жасанды интеллект жасайтын жарнама және авторлық құқық мәселесі
Фото: shutterstock.com
Жарнама материалдарына әлдекімнің бейнесін не дауысын қолданатын кезде міндетті түрде ол адамның келісімі керек. Әйтпесе, басыңыз дауға қалып, соттың алдына түсуіңіз әбден мүмкін. Мұны көпшілік жақсы білетін болса керек. Бірақ жаңа технологиялар дамып, жасанды интеллект қарқын алған сайын оның көмегімен жасалған дүниелерді заң тұрғысынан қалай қарастыру керек деген мәселенің шеті шығады.
Әлемнің біршама елінде танымал адамның да, жай жолда өтіп бара жатқан жаяу жүргіншінің де келісімінсіз оны образын қолдануға тыйым салынады. Мысалы Қазақстанда бұл мәселе Азаматтық кодексте жазылған. Кодекстің 145-бабында мынадай тармақтар бар:
- Қандай да бiр адамның сурет бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда — мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
- Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) — бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.
Өзге елдерде қалай?
- Айталық, Калифорнияның Азаматтық кодексінде (California Civil Code) адамның есімін, даусын, қолтаңбасын, суретін не образын жарнама не коммерциялық мақсаттағы өзге де дүниелерге келісімінсіз қолдануға тыйым салынған.
- Германияда жеке образға қатысты құқық авторлық және сабақтас құқықтар туралы федерал заңмен (Urheberrechtsgesetz) реттеледі. Яғни мұнда да фотосуретін не бейнесін келісімін алған соң ғана пайдалануға болады.
- Францияның Азаматтық кодексінде (Code Civil) де осыған ұқсас тармақтар бар.
- Бүкіл Еуропа елдеріне жүретін басты еуропалық заңда белгілі бір адамның түрін айқындап көрсететін фотосурет, адам бейнесін өңдеуге қатысты тармақ бар. Мәліметтерді қорғауға қатысты жалпы регламент бойынша (General Data Protection Regulation, GDPR) адамның келісімінсіз жеке деректерін қолдануға тыйым салынады. сонымен қатар, әлдекімнің деректері пайдаланылып, иесі өшіруді талап етсе — шарты міндетті түрде орындалуы қажет.
Жасанды интеллект жасаған жарнама ше?
Кейінгі кездері жасанды интеллект көмегімен жарнама роликтерін жасайтындар көбейді. Бірақ әлі күнге дейін даусын не түрін пайдалануға қатысты нақты заң жасалып үлгермеген. Десек те, AI арқылы жасайтын кезде кімнің бейнесін пайдаланатын болсаңыз, оның келісімін алу міндетті екені онсыз да белгілі. Осы ретте жасанды интеллект жасаған жарнамалардың мысалын айта кетейік.
2019 жылы Goodby Silverstein & Partners Флорида штатындағы Сент-Птерсбергтегі The Salvador Dalí Museum жарнамасын жасаған еді. Ол жерде Сальвадор Далидің образы қолданылған. Жасанды интеллект пен deepfake-технология арқылы агенттік Далиді «тірілтіп», көрмеге интерактив тур жасайтын қылып қойған. Ағартушылық және шығармашылық мақсатта жасалған бұл жұмыс барысында агенттік Сальвадор Далидің мұрагерлері мен музейдің рұқсатын алған. Егер осылай жасалса, онда еш мәселе тумауға тиіс.
Қандай жағдайда келісім алудың қажеті болмайды?
Иә, мұндай жағдайлар да болады. Бұл негізінен танымал адамдардың образын пайдалануға қатысты. Атап айтқанда былай:
- АҚШ-та Авторлық құқық туралы заңдағы (Copyright Act, 17 U.S.C. §107) «Әділетті пайдалану доктринасына» сәйкес, танымал адамдардың бейнесін жаңалық, ағарту не зерттеу мақсатында пайдаланатын болсаңыз, келісімін алу міндеттелмейді. Бұл дегеніміз мақалалар, деректі фильмдер, оқу материалдары мен зерттеу жұмыстарына емін-еркін пайдалануға болады деген сөз.
- Пародия мен сатирада да келісімсіз пайдалануға болады. Бірақ басты шарт: олардың жеке басына, абыройына, іскерлік беделіне зиянын тигізбеуі керек. Яғни барынша абай болу қажет.
- Келесі бір түрі — авторлық және бейнеге құқықтың уақыты өтіп кеткен кезде. Әлем елдерінің басым көпшілігінде шығарманың авторлық құқығы мерзімі автор қайтыс болғаннан соң 70 жылдан кейін өтеді. Бейнеге құқық пен авторлық құқық бір емес. Мұны да шатастырмау керек. Бейнеге құқық деген адамның жеке басына қатысты болса, авторлық құқық — шығармаға. Демек, жасанды интеллект егер танымал адамдардың фотосуретін, салған суретін пайдаланса, олар авторлық құқықпен қорғалған болуы мүмкін. Ал енді қайтыс болғанына 70 жылдан асып кеткен тұлғалардың, мысалы Абай Құнанбаевтың суретін пайдаланатын болса, онда құқық тұрғысынан бұл жерде мәселе болмауы керек.