Елімізде 50-ге жуық жаңа мектеп салуға 96 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен салынатын немесе жөнделетін орта білім беру нысандарының тізімі бекітілді. Тізімге 62 нысан кірген. Оның ішінде 50-ге жуық жаңадан салынатын мектеп бар.

Ол тізімге сәйкес еліміздің мектеп орындары тапшы өңірлерінде мектептер салынады. Ақмола облысында 300 орындық 2 мектеп, Ақтөбе облысында 320 орындық 1 мектеп, мектеп жанынан әрқайсысы 150 орынмен қамтамасыз ететін 2 мектепке қосымша құрылыс салынады. Атырау облысында 600 орындық 2 мектеп, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан обылыстары мен Қостанайда екі мектептен салу жоспарда бар. Ал Жамбыл облысында 5 мектеп, 1 жапсарлас құрылыс салынады.

Ең көп мектеп Алматы, Түркістан облыстары мен Астанада бой көтереді. 450-1500 орындық мектептер бұл өңірлердегі үш ауысымдық тәртіппен оқитын мектептердің мәселесін шешуге бағытталған. Ал Жетісу облысының Талдықорған қаласында 1200 орындық бір мектеп салынса, Павлодарда бір мектеп, Ұлытауда облысында 200 орындық жатақхана салынбақ.

Барлық білім ошақтарын салуға жалпы 96 млрд теңге жұмсалады. Құрылыс Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен салынады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 17 ақпандағы № 38 бұйрығымен бекітілген Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингтеу және есептілігі қағидаларының 15-тармағына сәйкес бұл бұйрыққа қол қойылды және қол қойған сәттен бастап қолданысқа енді.

Сондай-ақ оқыңыз