Депутаттар киік популяциясын реттеп, өндірістік жолға қоюды ұсынады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының депутаттары Қазақстанда киіктердің санын тез арада реттеуді ұсынды. Олар депуаттық сауалды премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

«Киіктің киесінен қорқып, жануарға жанашырлықпен қарайтын қазақ үшін обал сауаптың орны ерекше. Алайда бүгінде жағдай мүлде басқаша болып тұр. Себебі киік санының күрт көбейуі шаруашылыққа жайлы болып тұрған жоқ. Соңғы мәліміттерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90%-ы Қазақстанның батысында. Негізінде салалық министрліктің есебінше, киіктердін саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ млн-даған қаржы желге ұшады», – деді депутат Аян Зейнуллин.

Айтуынша, Қазақстанның солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқабы бүлінеді. Орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды. Салдарынан несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болып жатыр.

«Мұндай жағдайда Үкіметтің жайбасарлығы таң қалдырады. Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары қауқарсыз болып отыр. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ. Бұған менің еш қатысым жоқ деп, тек сырттан ғана қарап қалай отыра аламыз? Сондай-ақ түрлі себеппен өліп жатқан киіктер де көп кездеседі. Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртынын қызығушылы артатыны заңдылық. Кәдеге жаратпаса да қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, онын ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек.Бұл жерде киіктің емес адамның обалына қалатын сияқтымыз. Әрине бұл жақсы емес. Сонымен қатар өліп жатқан киіктер түрлі ауру ошағына айналады. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады», – деді депутат.

Аян Зейнуллиннің пікірінше, қазір «киікті қорғау, әлде киіктен адамды қорғау» деген мәселе өзекті болып отыр.

«Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізу керек. Бұл мәселеде нақты шешім керек», – деп түйіндеді сөзін Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының мүшесі.

Айта кетейік, 15 сәуір – 5 мамыр аралағында жүргізілген әуе санағының нәтижесі бойынша еліміздегі киік саны 597 мың басқа артқан. Өсім 45,3%-ды көрсетті. Олардың ішінде айтарлықтай көбейгені – Орал популяциясы (1,13 млн дарақ). Бетпақдала – 745 300, Үстірт киігі – 39 700. Қазір Қазақстандағы киік саны шамамен 2 миллион басқа жуықтады.

Сондай-ақ оқыңыз