Мәжіліс депутаты Альберт Рау қалада ғимараттардың бір-біріне жақын салынуына қатысты ойын айтты.
«Президенттің тапсырмасы бойынша құрылыс кодексі әзірленіп жатырн. Оның аясында негізгі мәселелер шешіледі», – деді Рау.
Сондай-ақ депутат қалада ғимараттардың бір-біріне жақын орналасқанына қарсы екенін жеткізді
«Мысал ретінде Астананы алсақ, сол жағалауда әлеуметтік нысандар салынуы керек жерге тұрғын үй кешені салынып жатыр. Олар барлық нормаларды, оның ішінде тұрғын үйлер арасындағы қашықтықты бұзып отыр. Адамдар тек әлеуметтік нысандардан ғана емес, сонымен қатар демалыс орындарынан – саябақтардан, скверлерден айырылды. бұл мәселені әзірленіп жатқан құрылыс кодексі шеңберінде кешенде шешу керек деп санаймын», – деді Альберт Рау.
Сондай-ақ депутат көпқабатты ғимараттардың биіктігіне қатысты ойын айтты.
«Бас жоспар бар, оның ішінде инфрақұрылым мен ғимараттардың қанша қабатты болатыны да көрсетілген. Жер жеткілікті екені түсінікті, бірақ сонымен бірге экономикалық факторлар бар. Қазір су тапшылығын көріп отырмыз, жылу тапшылығы сезілді. Бұл қандай да бір теңгерімнің жоқ екенін көрсетеді. Бірақ бұл заңнамалық шешімдерден гөрі басқарушылық шешімдерге байланысты шешіледі», – деді Альберт Рау Мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, құрылыс кодексінде сапа мәселесіне көңіл бөлінген.
«Салада көптеген проблема жинақталған. Олар әртүрлі заңдардағы ретсіздікпен байланысты қалыптасқан. Әртүрлі нормалар бір жерде бір-біріне қайшы болуы мүмкін, сондықтан жан-жақты шешім қажет», – деп түйіндеді ол.