Мәжілісте электр көлігіне көшуді ынталандыру үшін қосымша шаралар енгізу ұсынылды

Жарияланды
Хуавей задумалась об открытии производства зарядных устройств для электромобилей в Узбекистане

Фото: kursiv.media

Елімізге жеке тұтынуға арналған электромобильдер кеден және баж салығынсыз кіргізілетін болды. Алайда, Қазақстан электромобильдердің күрт өсуіне әлі дайын емес секілді. Осы мәселеге қатысты «Respublica» мен «Amanat» фракциясының депутаттары Премьер-министрге сауал жолдады.

Естеріңізде болса, Қазақстан әлемдік климаттық және экологиялық бастамаларды қолдап, 2016 жылы БҰҰ-ның Париж келісімін ратификациялады. 2060 жылға дейін еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді жоспарлап, электр энергиясымен жүретін көліктер санын көбейтуді көздеп отыр. Сол мақсатта үкімет жеке тұтынуға арналған электромобильдердің шекарадан жеңіл өтуіне жағдай туғыза бастады.

Динара Шүкіжанова электромобиль тұтынуды жандандыруда біршама қиындықтар бар екенін айтады. Бұларды шешу үшін алғашқы кезеңде мемлекеттің қолдауы қажет болады.

«Жалпы әлем бойынша қуаттау инфрақұрылымын дамытуда проблемалар бар. Мұндай жағдайда электр энергиясы мен шикізат құны атап айтқанда, литий мен никель бағасының күрт өсуі мүмкін. Сонымен қатар, елімізде батареяларды қайта өңдеу мәселесі өте өзекті болып қала береді», дейді депутат.

Ол шикізат мәселесін шешу үшін елдегі сирек кездесетін металдардың үлкен қорын оңтайлы пайдаланып, оларды өндіру және қайта өңдеу технологияларын игеру қажет деп санайды.

Сонымен бірге депутат Парламент қабырғасында электромобиль пайдалану саласына қытысты заңнаманы жетілдіру және электр қуаттау станцияларының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі заң жобасы талқыланып жатқанын, соның шеңберіне электр көлігіне көшуді ынталандырудың қосымша шараларын енгізуді ұсынды.

«Қазақстан аумағында, қалаларда қуаттау станцияларының жергілікті желілерін құратын жеке компаниялар бар. Алайда қуаттау құрылғыларының да, олардың энергия желілеріне қосылуының да қымбаттығына байланысты бұл бағыттың дамуы өте баяу жүріп жатыр. Ал магистральдық автожолдарда электр қуаттау станциялары мүлде жоқ. Осыған байланысты мемлекет пен жеке сектор кооперациясы негізінде электромобильдерді пайдалануды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат қажет», дейді Динара Шүкіжанова.

Мәжіліс депутаттары сондай-ақ, қуаттау станцияларының инфрақұрылымы жекелеген қалаларда ғана емес, бүкіл ел бойынша ұйымдастыруды, үйде зарядтау станцияларын орнату, ескі автомобильдерді жаңа электр көлігіне айырбастау бағдарламаларын қаржыландыруға субсидиялар беру мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.

Депутаттың дерегінше, жалпы электр көлігін дамыту, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауаның ластануына қарсы тиімді шаралардың бірі. 2018 жылдан бастап әлемде электромобиль өндірісі 5 есеге артып, 10 млн данаға жеткен. Ал Қытайда 2022 жылы 6 миллионға жуық электр көлігі сатылған. Бұл жалпы жаһандық көлемнің 59 пайзы. Қытай тек өндірушілерді емес, сонымен бірге жеке тұлғаларды да электромобиль сатып алуға шақырды және бұл 6 жыл ішінде нарықтағы жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыз