Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ. Бұл туралы мәлімдеген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, БАҚ бетінде жарияланған «Қазақстаннан Ресейге дрондар мен чиптердің тасымалданғаны» туралы ақпаратты тексеретінін айтты.
Оның айтуынша, қайталама санкцияға іліну қаупін болдырмау үшін Қазақстан тарапы мұндай тауарлардың тізімін жіті тексереді.
«Біздің мақсатымыз – санкцияланған тауарлардың өтуіне жол бермеу. Егер ондай тауарлар табылып жатса, әрине, қажетті шаралар қабылдаймыз», — деп мәлімдеді министр.
Дегенмен, Жамаубаев «кез-келген кәсіпкерді ұстап алып, оны заң бұзушы ретінде қарастыра алмайтынын» жеткізді.
«Біз қосымша тәуекелдерді басқару жүйесін қосамыз (санкциялық тауарлардың қозғалысын қадағалау бойынша). Ал егер бірдеңе назардан тыс қалып жатса, оны қадағалап, оған жол бермейтін боламыз», – деді Жамаубаев сәрсенбіде Мәжіліс қулуарында.
Оның айтуынша ЕО пен АҚШ тарапы Қазақстанға Ресейге сатуға тыйым салынған тауарлардың тізімін берген.
«Осы тізім бойынша тексеру анағұрлым дұрыс және мұқият жүргізіледі», – деп сендірді министр.
Бұған дейін, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев журналистердің әскери мақсатқа пайдаланылатын дрондардың Қазақстан арқылы Ресеге тасымалдануына қатысты сауалына нақты жауап бере алмаған болатын.
БАҚ-та Ресейдің тәуелсіз журналистері Ресейге Қазақстан арқылы тасымалданатын соғысқа қатысы бар электрондық тауарлар тізбегін және оны кімнің, қандай көлемде тасымалдайтынын анықтағаны жарияланған еді.
«Батыстың санкцияларына қарамастан, Ресей әскерилері Украинаға қарсы пайдаланатын дрондар мен басқа да электроника түрлерін Қазақстан арқылы алып жүр», деп жазады «Важные истории» зертеушілері.
Басылым Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанға дрондар мен микроэлектроника тауарларының тасымалы күрт артқанын анықтады.
2021 жылы Қазақстанға дрондардың аз әкелінгені сонша, олар еліміздің Ұлттық статистикалық бюросының деректеріне де кірмеген. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, импорт көлемі бірден бес миллион долларға артқан. Бұл тауарлар түгелдей Қытайдан сатып алынған. Солайша 2022 жылы Қазақстан Ресейге 1,23 миллион долларға жуық дрон экспорттаған.
Мамыр айының ортасында Сыртқы істер министрі –Премьер-Министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақ өкілдерімен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ олар Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсерін талқылаған еді.
Ал, сәуір айының соңында АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Ресей Федерациясына Батыстың санкцияларынан жалтаруға көмектесетін қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі артып отырғанын мәлімдеген болатын.