Қазақстанда алғашқы криминалистикалық цифрлық зертхана іске қосылды
Қазақстанда алғашқы криминалистикалық цифрлық зертхана іске қосылды. Ол ІІМ орталық аппаратының базасында орналасқан, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Аталмыш зертхананың мамандары екі бағытта жұмыс істейді.
Біріншісі – қызметкерлер бағдарламалық-аппараттық кешендерді пайдалана отырып, компьютерлік-техникалық зерттеулер жүргізеді. Бұл цифрлық іздермен жұмыс істеуге, оларды түрлі гаджеттерден алуға, сондай-ақ өшірілген деректерді құрылғылардың жадынан, әлеуметтік желілерден, көшірме файлдардан қайта шығаруға мүмкіндік береді.
Екіншісі – биометриялық белгілер бойынша жеке басты сәйкестендіруді (бейнелер аналитикасы) пайдалана отырып, фото/видео бойынша портреттік зерттеулер жүргізілу. Бұл қылмыскерлер мен құқық бұзушыларды автоматты түрде анықтауға көмектеседі.
Сонымен қатар криминалистикалық цифрлық зертхана алаяқтар құрбандарының санын азайтуға, кінәсіз адамды ұстау қаупін болдырмауға, құқық бұзушыларды анықтауға және тергеу кезінде дәлелдемелік базаны бекітуге мүмкіндік береді.
«Мұнда жаңа құрылғылар бар, қысқа мерзімде компьютерлік техникалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа бағдарламалық жасақтама орнатылған. Бүгінгі таңда бұл ІІМ жүйесіндегі зерттеудің жаңа түрі. Жоба Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы аясында іске қосылды. Жеке басты сәйкестендіру жүйесі бойынша жақсы нәтижелер бар. Қазірдің өзінде біз барлық жасырын ұрлықтарды кеңседе отырып-ақ ашамыз. Криминалист адамдарды қашықтан анықтай алады. Сондай-ақ біздің IP-мекенжайлар бойынша камераларға онлайн қосылып, белгілі бір құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды анықтауға мүмкіндігіміз бар», – деді ҚР ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің басқарма бастығының орынбасары Мұхит Сүлейменов.
Бұл шара жасалған құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етеді, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алудың ең жақсы тәсілі болып табылады, елдегі азаматтардың қауіпсіздігін арттырады. Жалпы криминалистердің жұмысы сан қырлы. Сондықтан қызметкерлер үшін өз қабілеттерін дамыту және материалдық-техникалық жабдықтарды жақсарту маңызды.