Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай 12 млн тоннаға жетпек
Фото: kursiv.media
«Қазмұнайгаз» авиакеросин өндірісін 3 есе арттырып, бұл отын көлемін жылына 313 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Мұндай көлемге Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру арқылы жетпек.
«Қазақстанның өсіп келе жатқан осы қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Бұл көлем, біздің авиациямыздың қажеттілігін толық өтей алады. Компания авиакеросиннің импорты қажеттігін ескеріп, басқа мекемелермен бірлесіп, авиаотын жеткізетін бағыттарды қарастырып, көрші елдермен келіссөздер жүргізіп жатыр», дейді компания басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанда транзиттік әуе тасымалының ұлғаюы, жаңа бағыттардың ашылуы және әуе кемелері паркінің ұлғаюы аясында жыл сайын авиациялық отынды тұтынудың артуы байқалған.
Жаһандық экологиялық мәселені қозғаған Мағзұм Мырзағалиев әлем елдерінің жаппай электромобильдерге көшіп жатқанын бұл орайда, әуе көліктері де қалдықсыз отынға көшіріле бастағанын айтады. Атап айтқанда, Америка, Израиль, Еуропаның бірқатар елдері кезең-кезеңімен SAF авиаотынына ауысуды жоспарлаған. SAF авиациялық отыны неғұрлым тұрақты ресурстарды пайдалана отырып өндіріледі және экологиялық таза отын санатында.
Өз кезегінде Қазақстан да бұл үрдістен қалмай осы отын түріне біртіндеп көшіп, оны ішкі рейстерде пайдалану мәселесін қарастырып жатыр. Бұл биоотынды тек пайдаланып қоймай, сонымен бірге елде өндіру мәселесі де көтерілуде.
«Бұл таза отынды өндіруде Қазақстанның мүмкіндіктері зор. Мұндай өнімді өндіру ҚМГ үшін де, Қазақстан үшін де тиімді болады. SAF биоотынның бағасы қымбат әрі оған деген сұраныс болашақта арта түспек. Оны өндіру арқылы біз елдегі ауылшаруашылығын дамытып, көмірқышқыл шығындыларын азайтуда әлемдік деңгейде өз үлесімізді қосамыз», дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Мекеме басшысы сонымен бірге «Қазмұнайгаздың» экологиялық жағынан зияны аз Jet-A1 маркалы жоғары сапалы авиаотын шығаруға дайын екендігін жеткізді. Бұл авиаотын өртену және жарылу қаупінің төмендігімен және құрамында атмосфераға бөлінетін зиянды газ мөлшерінің аздығымен ерекшеленеді. Бұл отынды тұтыну ұшақ қозғалтқыштарын жөндеу мерзімін ұзартып, ұзақ жұмыс істеуіне кепілдік береді.
«Бұл отынды пайдалану арқылы авиация саласындағы қауіпсіздік пен қызмет сапасын арттыруға болады. Қазақстанның Jet-A1 авиаотынына көшуі үшін мұнай өңдеу зауытынан бастап, ұшақ қанатына дейінгі инфрақұрылымын дамыту керек», дейді Мырзағалиев.
Жалпы мұнай өнімдерін тұтынудағы көрсеткіштерге келер болсақ, өтен жылы 666 мың тонна мұнай өндіріп, 829 мың тонна өнім тұтынған екенбіз. Ал биыл 600 000 тоннадан астам мұнай өңдеу жоспарда бар. Сәйкесінше тұтыну көлемі 900 000 тонна болмақ. Яғни импортқа тәуелділік әлі де сақталатынын айтады ҚМГ басшысы.