Жаңалықтар

Тұрғын үй алуда көпбалалы отбасылар үшін бастапқы жарнаны алып тастау ұсынылды

Фото: Kursiv.media

Елімізде жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар. соған байланысты Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева көпбалалы отбасылар үшін бастапқы жарнасыз баспана алудың баламалы тетігін қарастыруды ұсынды.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Депутаттың айутынша, еліміздегі кез келген отбасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – баспаналы болу.

«Қазір Қазақстанда жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар. Оның 415,7 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады. Олардың ішінде І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қарт зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар бар», – деді Гауһар Танашева Мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, депутаттық сауалды жолдауға халықтың әлеуметтік осал топтарының 3 санатындағы отбасыларға: көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға байланысты проблемалар себеп болған.
Депутаттың пікірінше, елімізде мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар бар. Алайда бұл бағдарламаларды іске асыруда шешілмеген мәселе көп.

«Ресми статистикаға сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша (2019-2022 жылдары) 14 938 несие, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша (2020-2022 жылдары) 19 394 несие берілген. Қазақстандағы халық санының қарқынды өсуін есепке алсақ, несиелеу көрсеткіші өте төмен», – деді депутат.

2023 жылға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 3176 өтінішке, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 3610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінген. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биыл тек 6 786 өтініші мақұлданады деген сөз. Бұл баспанаға мұқтаждардың жалпы санының 1,6% ғана.
Оның пікірінше, халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарау керек.

«Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны міндетті шарттардан алып тастауды немесе 3 санатқа: көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сертификатын беруді қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бастапқы жарнаны төлемей, баспана алудың баламалы тетіктерін қарастыруды сұраймыз», – деді депутат.

Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі ересектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке кезек жасау және «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отбасыларды қосу керек деген пікірде.

«Ипотекалық рәсімдерді жеңілдету: күрделі және ұзақ ипотекалық рәсімдер үй иелеріне айтарлықтай кедергілер тудырады. Бұл табыстың жоғары деңгейі, міндетті зейнетақы жарналары, мінсіз несие тарихы және несиелерінің болмауы, тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы, қосымша қарыз алушының болуы және тағы басқа. Үкімет ипотека алу рәсімдерін жеңілдету және қарыз алушыларға бюрократиялық жүктемені азайту үшін қандай шаралар қолданады?», – деді Гауһар Танашева.

Айтуынша, жергілікті атқарушы органдар біліктілік талаптарын және ипотекалық кредиттеуді төлеу мүмкіндігін ескеріп, осы 3 осал санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде жәрдем көрсетуі керек.