Жаңалықтар

Алматыда Азия құрлықтық шахмат чемпионаты өтеді

Фото: shutterstock.com

2023 жылғы 3 маусым мен 12 маусым аралығында Алматы шахматтан Ашық чемпионат (Open) пен әйелдер чемпионатын қамтитын Азия құрлықтық шахмат чемпионаты өтеді. Шараның жүлде қоры 100 000 АҚШ долларын құрайды. Турнирдің бас демеушісі – Freedom Holding Corp. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлайды.

Азия құрлықтық шахмат чемпионатына қатысушыларды тіркеу бүгін, яғни 25 мамырда аяқталады. Интеллектуал сайысқа Қазақстан, Қытай, Үндістан, Иран, Филиппин, Шри-Ланка, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур сынды 20-ға жуық ел шахматшылары қатысатыны белгілі болды.

Олардың арасында 2009 жылғы Шахматтан 16 жасқа дейінгі Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының (U-16) жеңімпазы, 2016 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Панаяппан Сетхураман, үнді гроссмейстері Виджай Пранав, Өзбекстан құрамасынан Ерлер шахмат олимпиадасының жеңімпазы Шамсиддин Вохидов; Шахматтан 2004-2005 жж. әлем чемпионы Рустам Касымджанов, Шахматтан Азияның екі дүркін чемпионы Сюй Цзюнь бар.

Қазақстандық спортшылардан белгілі гроссмейстер Мұртас Қажғалеев, сондай-ақ өткен жылы 12 жасында ФИДЕ шебері атағын жеңіп алған Сауат Нұрғалиев, Қазақстан Кубогының 1-кезеңінде (2023) жеңіске жетіп; сенсация жасаған 15 жастағы Алдияр Аңсат және т.б. қатысады.

Әйелдер арасынан Үндістандық гроссмейстер Палатхур Нандхидхаа; Шахматтан әйелдер арасындағы «Moscow Open» халықаралық турнирінің бірінші орын иегері, моңғолиялық Батхуягийн Монгонтуул; әйелдер арасындағы гроссмейстер, Индонезияның бірінші шахматшысы Ирине Харисма Сукандар; биыл Астанада төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньды жеңген 17 жасар Меруерт Камалиденова және т.б. қатысады.

«Үздік алты ойыншы: Ашық чемпионаттың төрт жеңімпазы және әйелдер арасындағы чемпионаттың екі жеңімпазы 29 шілде мен 26 тамыз аралығында Бакуде өтетін 2023 жылғы әлем кубогына қатысу құқығына ие болады. Әлем кубогының финалистері үміткерлер турниріне шығады, оның жеңімпазы шахмат әлеміндегі ең жоғары атақ – шахматтан әлем чемпионы атағы үшін күреседі», делінген хабарламада.

Турнирді ұйымдастырушылар – Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы.

Шахматтан Азия құрлықтық чемпионаты швейцариялық жүйе бойынша ФИДЕ регламентіне сәйкес 9 турдан тұрады. Турнир аясында 3-маусымда шахмат бойынша блиц чемпионаты өтеді.

2023 жылғы 23-30 сәуір аралығы Астанадағы Ұлттық теннис орталығында шахматтан ашық турнир – Kazakhstan Chess Cup өтті. Астанада бір айға жуық уақытқа созылған үлкен шахмат мерекесі Қытай гроссмейстері Дин Лижэннің жеңісімен аяқталды.