Жаңалықтар

Алматыдағы медицина ұйымдарына 265 млн теңге айыппұл салынды

Фото: Kursiv.media

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Алматы тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 58 мың қызметтің түрлі кемшілік анықталды. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 265 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева хабарлады.

Айтуынша, кемшіліктің басым бөлігі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалардан анықталып отыр. Олар 57 мыңнан астам қызметті кемшіліктермен көрсеткені үшін 150 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады.
680 қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Аталған кемшіліктер үшін 100 млн теңге айыппұл салынған.

«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», – деді Жанар Кенжебаева.

Бұған дейін хабарланғандай, МСҚ көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Ал айтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады, деді филиал басшысының орынбасары.
Алматыда 226 медицина ұйымы тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде қызмет көрсетеді.