Жаңалықтар

ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие – Тоқаев

Токаев на форуме ЕАЭС
Фото: Ақорда

ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумында мәлімдеген.

Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, мемлекет басшысы ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция түпкі мақсат емес екенін мәлім етті.

«Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие», деді Тоқаев.

Тоқаев Одақты дамытудың жаңа басымдықтары ретінде «төрт еркіндік» маңызды екенін атап өтті.

«…Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 мамыр күні өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар форумға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысты, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнебайланыс режимінде сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.