Жаңалықтар

«Халық банк» дивиденд төлеуге қатысты жалпы жиналысын өткізеді

Фото: kursiv.media

Қазқстан Халық Банкі акционерлері дивидендтер төлеу мәселесін қарастырады. Бұған дейін құзырлы органдар мемлекеттік көмек алатын банктерге шектеу қою туралы шешім қабылдаған болатын.

Халық банк акционерлері мемлекеттік қолдау алатын банктердің дивидендтер бойынша кірістерді бөлу тәртібін реттеу туралы қаулы күшіне енгеннен кейін алғаш рет дивиденд төлеуге қатысты жалпы жиналысын өткізбекші.

Қаржы институтының сайтында 25 мамыр күні банк акционерлерінің жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдайтыны, 2022 жылға бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері бекітілетіні жазылған.

Жиналыста банктің 2022 жылға арналған аудиттелген жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігін бекіту, сондай-ақ өткен жылдағы таза табысты бөлу тәртібі туралы мәселе қамтылады.

Сонымен бірге, кеңес барысында Директорлар кеңесінің сандық құрамы, өкілеттік мерзімі айқындалып, жаңа мүшелері сайланады және Банк Жарғысы жаңа редакцияда бекітіледі.

Сәуір айында мемлекеттік қолдау көрсетілетін банктердің баланстарындағы дивидендтер төлеу шарттарын айқындайтын қаулы күшіне енді. Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік қолдау алған банктер мемлекет көмегі арқылы алған кірісті дивиденд төлеуге пайдалануға құқы жоқ. Сонымен дивиденд төлеуге шектеу қойылған банктер тізіміне 6 қаржы институты кірген. Оның ішінде ең негізгісі Халық банк. Сондай-ақ тізімде Jusan Bank, Bank RBK, Еуразиялық банк, Банк ЦентрКредит және Нұрбанк бар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сарапшылары дивидендтер төлеуді шектеу бойынша ұсынылған тәсілдер мемлекеттік қолдау кірістерінен дивиденд төлеуге тыйым салады және дивидендтерді төлеу кезінде банктердің мемлекет қаражатын мерзімінен бұрын қайтаруын ынталандыратынын айтады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Халық банкінің ХҚЕС бойынша шоғырландырылған таза пайдасы 553,752 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 19,8%-ға артық. Оған несиелік бизнестің айтарлықтай өсуі, оның ішінде «Сбербанк» АҚ ЕБ несие портфелін сатып алуы, сондай-ақ валюталық операциялардан түскен таза пайда мен комиссиялық кірістің ұлғаюы себеп болған.

Депутат Ермұрат Бапи «Халық банк» таза пайдасының 50 пайызын 2022 жылға дивидендтер төлеуге бағыттайтыны туралы хабарламаны негізге ала отырып, Мәжіліс депутаттарын «Халық банкі» мен ҚР Ұлттық Банкінің есебін тыңдауға шақырды. Аталмыш қаржы институттары Мәжіліс алдында есеп бермейінше, дивиденттер төлеуді тоқтататын құжат қабылдауын ұсынған болатын. 

«Миллиардтаған доллар көмек алған банктер халықтың қарызын қайтармай тұрып, неге басқаларға дивиденд төлейді? Мәселен, алдағы маусым айында «Халық банкі» өз акционерлеріне  дивиденд ретінде жарты миллиард долларға жуық ақша төлемек. Төлемдер көлемі бір бағалы қағазға 25,38 теңгені құрайды, бұл 554 миллиард теңге таза пайданың шамамен 277 миллиард теңгесін құрайды, бұл 2021 жылға арналған дивидендтерден екі есе көп», деген еді депутат.

Халық банкті тұңғыш президенттің қызы Динара мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев «Almeks Holding Group» АҚ (69,52%) арқылы басқарады. Банктің 28,52% акциясының номиналды ұстаушысы Нью-Йорк Банкі. Банк акциялары Қазақстан қор биржасында, GDR – Лондон қор биржасында және AIX-те саудаланады.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Халық банкі Қазақстандағы 21 банк арасында активтерінің көлемі бойынша 1-ші орында тұр.