Үкімет резервінен өрт сөндіру техникасын алуға 623 млн теңге бөлінеді

Жарияланды
пожар
Фото: Shutterstock

Табиғи өрттің алдын алу үшін үкімет резервінен 623 млн теңге бөлінбек. Бұл қаржыға табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жұмыстарына тартылатын тікұшақтарға арналған 26 жаңа су шашу құрылғысы сатып алынады. Осы мақсатта ел үкіметі арнайы қаулы қабылдады деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«Олар қала маңындағы аумақтармен бірге, республиканың шалғай аудандарында да қолданылады. 10-15 секундта 5 тонна су жинап, оны 6 секунд ішінде төге алатын қосымша құрылғылардың көмегімен авиация орман алқабының үлкен аумақтарындағы өрттерді тез арада сөндіре алады», делінген хабарламада.

Өйткені Қазақстан аумағында ірі орман өрттерінің өршуі барған сайын өзекті мәселеге айналып барады. Тілсіз жаудың болжап білуге болмайтын табиғи сипаты мен өткен жылдардағы зардаптарын ескере отырып, Үкімет өрттің алдын алу шараларын күшейтпек.

Сонымен қатар құтқарушылардың әуе паркі өрт сөндіру, адамдарды қауіпті аймақтардан эвакуациялау және т.б. ТЖМ міндеттерін орындауға бейімделген Ми-8 тікұшақтарымен толықтырылмақ.

Айта кетейік, 22 мамыр күні сағат 15:25-те РФ Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында тұтанған өрт Абай облысы Бородулиха ауданындағы ауыл станциясынан 7 км қашықтықтағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағына өтіп, құрғақ шөп өртенген. 

Алайда бұл өрт әлі басылмады. Өртті екпіні 15-20 м/с дейін жететін солтүстік-шығыс желі одан ары өршіте түскен.  Кеше 280-ге тарта адам ауылдарынан кетуге мәжбүр болды.

Бүгін Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланғанын хабарлады.

Облыс әкімінің айтуынша, ормандағы өрт сөндіріліп жатыр.

«Жедел штаб құрылды. Жағдай ерекше бақылауда. Өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орман алқабындағы өртті сөндіруге желдің екпіні су-батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалуын қиындатып отыр», деді әкім.

ТЖМ жедел ақпараты бойынша, өрт сөндіруге жеке құрамнан 600-ден астам адам, 130-дан астам техника, 1 өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ «Қазавиақұтқарудың» 2 тікұшағы, «Қазавиаорманкүзетінің» 1 тікұшағы және Қорғаныс министрлігінің  1 тікұшағы жұмылдырылған.

Министрлік қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ деп мәлімдеді. Жалпы 3500 гектар жерді өрт шарпыған.

Сондай-ақ оқыңыз