Мүгедектігі бар адамдар БҰҰ-на шағымдана алады: Сенат хаттаманы ратификациялады

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Бүгін Сенат отырысында мүгедектігі бар адамдардың құқытарын қорғауды күшейту туралы заң қаралды.

Палата депутаттары «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл Құжат Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосымша келісім болып саналады және аталған Конвенцияны іске асыру тетіктерін белгілейді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы қабылданған заң арқылы мүгедектігі бар жандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын институтты жеділдіру бағытындағы маңызды қадам.

«Бұл Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті арқылы мүгедектігі бар адамдардың шағымдарын қарау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта заң мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кету керек, Сенат мақұлдаған бұл заң арқылы БҰҰ жанындағы Мүгедек адамдардың құқықтары жөніндегі комитеттің Конвенция бойынша өздерінің құқықтары бұзылды деп мәлімдеген адамдардың шағымдарын қарау жөніндегі құзыреті мойындалады. Аталған Комитет шағымды қарау қорытындысы бойынша нәтижелерді, түсініктемелер мен ұсынымдарды тиісті қатысушы мемлекетке жібереді.

«Осылайша, Қазақстанның Факультативтік хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар азаматтар өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауын қамтамасыз етеді», делінген Сенат баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз