Қашағандағы мұнай өндірісі екі ұңғымадан күкіртсутек табылуына байланысты төмендеді – NCOC

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру көлемі екі ұңғыма жұмысын уақытша тоқтатқан соң төмендеген. Екі ұңғымадан күкіртсутек табылған. Бұл туралы North Caspian Operating Company-ға сілтеме жасай отырып, Интерфакс-Қазақстан агенттігі хабарлады.

«NCOC компаниясы Қашаған кен орны екі айдау ұңғымасының «А» сақиналы кеңістігінен кезекті сұйықтық сынамасын алғанда, газ (H2S) анықталғанын растайды. Бұл ретте осы ұңғымаларды пайдалану барысында қалыпты жағдайдан ауытқу байқалмады», – делінген компанияның агенттік сауалына берген жауабында.

Осы себепті 20 мамыр күні ұңғымалар тексеріске жабылған. Соның салдарына Қашаған кен орнындағы осы айда өндірілетін газ бен мұнай көлемі де азайды.

Консорциум «қауіпсіздікке әсер ету немесе қоршаған ортаға келетін зиянның» алдын алатындарын мәлімдеді.

Бұған дейін Қазақстанның мұнай-газ сервистік компаниялары одағының телеграм-каналында Қашағандағы тәуліктік мұнай өндірісі 450 мыңнан 360 мың баррельге дейін төмендегені хабарланған.

Қашаған кен орны – соңғы онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның қоры 9 миллиардтан 13 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіруші кәсіпорын 295 кен орнын игеріп жатыр. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды үш ірі кен орнынаа көмірсутек өндірісінің 60%-ы келеді.  

2023 жылдың І тоқсанында Қашағанда мұнай және газ өндіру көлемін 794 мың тоннаны (тәулігіне 70 мың баррель) және 503 млн м³ құрады, сәйкесінше 105,5% және 113,3%-ға өскен.

Алдағы уақытта сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру 2018-2025 жылдарға жоспарланған, ал инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 5 млрд долларды құрайды.

Қашаған операторы – NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Сондай-ақ оқыңыз