РФ мен Белорусь арасында интеграцияның ілгері үлгісі қалыптасқан – Дмитрий Песков
Одақтас РФ мен Белорусь елдерінде интеграцияның анағұрлым ілгері үлгісі қалыптасқан, оны ескеру керек. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Журналистер Кремль өкілінен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәскеу мен Минскі үшін қазір ядролық қару да ортақ,» деген мәлімдемесіне пікір білдіруді сұраған болатын.
Дмитрий Песков, Тоқаев Одақтас мемлекеттерді Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттер арасында айрықша назар аударатын ерекше жағдай деп атағанына тоқталды.
«Бұл шындығында да солай, өйткені іс жүзінде бір интеграцияның аясында анағұрлым ілгері интеграция жүзеге асуда. Одақтас мемлекеттер Ресей мен Белорусь арасында ЕАЭО-қа қарағанда анағұрлым ілгері ықпалдастық орнаған. Әрине бұл әлемдегі айрықша жағдай, және оны назарға алу керек», деді Дмитрий Песков.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумында Ресей мен Белоруссия арасындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталған еді.
«ЕАЭО құрамында Одақтас мемлекет бар, яғни әлемдік саяси тарихта айрықша жағдай немесе феномен – «Екі ел – бір мемлекет» формуласымен, саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі біртұтас, одақтық үкіметі біртұтас, одақтық парламенті біртұтас мемлекеттің құрылуы. Кешірім өтінем, тіпті ядролық қару да қазір екі ел үшін ортақ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, бейсенбі күні екі ел Қорғаныс министрлері Белорусь аймағында бейстратегиялық ядролық қаруды орналастыру туралы құжатқа қол қойды. Дегенмен, Ресейдің Беларусь аумағына бейстратегиялық ядролық қаруды орналастыруы оны республика меншігіне берді деген сөз емес. Ядролық қаруды бақылау және қолдану туралы шешім қабылдау құзыреті Мәскеуде қалады. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу осылай деп мәлімдеді.