Жаңалықтар

ҰҚШҰ қорғаныс министрлері ұйым қарулы күштерін даярлау жоспарын бекітті

Фото: shutterstock.com

ҰҚШҰ елдері қорғаныс министрлері 2024 жылға арналған ұйым қарулы күштерін даярлау жоспарын бекітті, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан агенттігі.

Бейсенбі күні Минскіде ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс министрлігінің басшылары ұйымға мүше мемлекет қарулы күштерін 2024 жылға дейін оқыту жоспарына қол қойған.

«Жалпы отырыс барысында ҰҚШҰ Қорғаныс министрлер кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің 2024 жылға арналған басқару органдары, әскери күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау жоспарын, ең маңызды іс-шараларын қарастырып, бекітті. Ол ҰҚШҰ әскерлерімен бірлескен команда-штабтық және арнайы оқу-жаттығуларын қамтиды», – деп хабарлады Беларусь қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қорғаныс министрлерінің кеңесі сондай-ақ 2023 жылға арналған ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштерін бірлесіп даярлау жоспарына түзету енгізу туралы шешім қабылдады.

«Қорғаныс ведомстволарының басшылары ҰҚШҰ Әскерінің құрамын қамтамасыз етуге арналған материалдық-техникалық база туралы ережені және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін керек-жарақ мемлекетаралық жүйесінің әдістемелік құжаттарын бекітті», – делінген хабарламада.

ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс министрлері 2030 жылға дейінгі кезеңге ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштерін бірлесіп даярлау жөніндегі іс-шаралар тізбесін де бекіткен. Беларусь Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, кездесу барысында қорғаныс ведомстволарының басшылары «ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен тәуекелдерді, ұйым форматында дағдарысқа қарсы әрекет ету жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады».

Бұған дейін қазақстандық әскерилер ҰҚШҰ-ның Беларусьтегі бірлескен оқу-жаттығуларына қатысатыны хабарланған.