Жаңалықтар

Аудиторлар дабыл қағуда: квазимемлекеттік сектордың аудиттелген қаржылық есебі бұрмаланады

Фото: ursiv.mediа

Еліміздегі аудиторлар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің аудиттелген қаржылық есебінің сенімділігіне және мемлекеттің 13 триллион теңгеден астам таза активтерінің көрсеткіштеріне күмәнмен қарайды.

Жақында Жоғарғы есеп палатасы республикалық бюджеттің (ҚФО РБ) өткен жылғы шоғырландырылған қаржылық есебіне мемлекеттік аудит жүргізген. Аудиторлар мұндағы көрсеткіштердің еліміздегі шындықпен жанаспайтынын анықтаған. Сарапшылар көп жағдайда квазимемлекеттік секторды «үлкен төрттік» тексеретінін, олардың қаржылық есепті бұрмалап көрсететін айтады.

«Самұрық Қазына» жергілікті аудидорлардан нені жасырғысы келеді?

Баспасөз конференциясына қатысқан «Аудиторлар алқасының» Басқарма төрағасы Владимир Мурашов 2023 жылдың ақпан айында аудиторлар алқасы пресс конференция өткізіп, онда «Самұрық қазына» әлеуметтік қорының аудиторлық компанияларының саны туралы мәліметтер жариялағанын, нәтижесінде аудиторлық есеп жүргізуде «үлкен төрттік» фирмаларына басымдық беретінін айтты.

«Біз жиында «Үлкен төрттіктің» аудиторлық кеңесі үшін жұмсалатын сома көлемі туралы да айттық. Ашық дереккөздерді зерттей келе квазимемлекеттік сектор субъектілерін сатып алуда ірі сомадағы келісімдерді алуда «үлкен төрттік» фирмалары басымдыққа ие екенін байқадық. Бұл ретте ондағы шарттар мен техникалық ерекшеліктер әдейі жергілікті аудиторларды «Самұрық қазына» қорына жақындатпау үшін әзірленгенін анық көруге болады. Ал «Самұрық» басшылығы өздерінің «үлкен төрттіктің» қызметіне тәуелділігін олардың қызметінің жоғары сапасымен және инвесторлардың «үлкен төрттік» растаған қаржылық есептеріне деген сенімімен түсіндіреді», дейді «Аудиторлар алқасының» төрағасы.

Ал баспасөз мәслихатынан кейін аудиторлар кеңесіне «Самұрық қазына» қорының өкілі хабарласып, конференция барысында жарияланған сандардың шындыққа жанаспайтынын хабарлаған. «Аудиторлар алқасы» қордан өзінің «сенімді» аудиторларына жұмсайтын қаражаты туралы ақпарат беруін сұраған. Алайда әлеуметтік қор «еншілес компаниялардың деректеріне қатысты мәліметтерді бере алмайтынын» айтып, ақпарат беруден бас тартқан.

Экономикалық өсім туралы ақпарат иллюзияға құрылған

Жергілікті аудиторлар қорға қатысты есепте шикілік болғаны себепті нақты ақпарат таратылмайтынын айтады. Ал Ғылыми зерттеу институты, Ғылыми зерттеу орталығының аудиторлық қызмет және қаржылық есептілік жөніндегі сарапшысы Данияр Нұрсейітов экономикалық өсімі туралы ақпараттың иллюзиядан тұратынын айтады.

«Біздің елімізде шындықты көрсетпейтін жүйе құрылған. Сол жүйе негізінде Қазақстанда ешкім шынайы жағдайдың қандай екенін білмейді және мемлекеттік сектордағы шынайы картинаның жай-күйінен бейхабар. Ұлттық қор өз бюджетін жоспарланбаған шығындарға жұмсайды. Экономикалық өсім туралы ақпарат қолдан жасалады. Нәтижесінде барлық жерде бюджеттің өскені айтылады, бірақ шындығына келгенде, еш өзгеріс жоқ. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қаржылық есептілігіне қатысты  манипуляциялар экономиканың өскені туралы иллюзия туғызады. Біз бұл жағдайдың шырқау шыңына жеткенін айтып, дабыл қағамыз. Мұндай аудиторлар Қаржы министрлігімен біресіп, елімізді тек экономикалық шығындарға ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік шиеленіске жетелейді», дейді сарапшы.

Сарапшы қордағы қаражат сомасы халық ойлағандай мөлшерде болмауы мүмкін екенін, ең қорқыныштысы, елдің болашақта бақыр тиынсыз қалу қаупі жоғары екенін айтады.

«Біз Ұлттық қор қаражатының азайып бара жатқанын байқап отырмыз, осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай қор қаражаты сарқылып, ештеңе де қалмайды. Жаңа дағдарыстың белгілері көріне бастады, бұл дағдарысты Қазақстан еңсере алмайды. Мұндағы аудиторлар мәселесі тек экономикаға емес, сонымен бірге елдегі әлеуметтік жағдайға әсер ететіні анық», дейді Данияр Нұрсейітов.

Ғылыми зерттеу институты, Ғылыми зерттеу орталығының аудиторлық қызмет және қаржылық есептілік жөніндегі сарапшылары «Самұрық қазына» әлеуметтік қорының барлық компанияларының қаржылық есептеріне талдау жасаған. Талдауды Беништің M-Score әдістемесіне сүйене отырып дайындаған.

«Осы әдістеме арқылы көрсеткіштерді есептеп, ұйымдар мен компаниялардың есептілігінде манипуляция бар ма, жоқ па анықтай аламыз. Осы әдістеме бойынша біз «Самұрық» қазынаның 122 компаниясының қаржылық есебіне талдау жасадық. Нәтиежесінде 26 компанияның қаржылық есебінде болуы мүмкін манипуляциялар ықтималы жоғары екенін анықтадық. Ал 15 компания орташа ықтималды манипуляцияға ұшыраған. Жалпы компаниялардың 33 пайызы осы санатқа кіреді. Яғни бұл компаниялар өзінің қаржылық есебін дұрыс емес және бұрмалап жасағаны туралы тұжырымдай аламыз», дейді Ғылыми зерттеу институты, Ғылыми зерттеу орталығының аудиторлық қызмет және қаржылық есептілік жөніндегі сарапшысы Фарида Есімбай.

Сарапшылар келтірген әрбір индекске тоқталатын болсақ, 54 компания өз кірістерін асырып көрсетуге тырысқан, 42 компанияның рентабельдік көрсеткіші нашар, 72 компанияда белгісіз сападағы активтер ұлғайтылған, 94 компанияның кірісті ұлғайтып көрсету мүмкіндігі жоғары болып шықса, 63 компанияда амортизацияны төмендету арқылы ұйымның өз пайдасын асырып көрсету тәуекелі бар болып шыққан. 53 компания шығыстарды тиісті бақыламаған, 61 компания борыштық міндеттемелерды орындау мақсатында пайданы манипуляциялауға ынталандыруға тырысқан.

Ұлттық қор жеке және заңды тұлғаларға несие берген

Сарапшылар «Самұрықтың» 2022 жылы төлеген дивидендтеріне де тоқталды. Өткен жылы қазына 170 млрд теңге дивиденд төлеп, артынша мемлекеттік бюджеттен 162 млрд теңге сомасында 0.05 пайыз мөлшерлеме арқылы 30 жыл мерзімге несие алған. Яғни өзінің төлеген дивидендтерін қайтарып алған.

«Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес Ұлттық қордың қаражаты да дұрыс емес пайдаланымағаны жайлы ақпарат бар. Яғни Ұлттық қордың қаражатынан жеке және заңды тұлғаларға несие беру дұрыс емес болып саналады. Бұл Ұлттық қордың өз тұжырымдамасына қайшы келеді. Соған қарамастан, 2021 жылы Ұлттық қорда нысаналы трансферт есебінен заңды тұлғаларға 105.7 млрд теңге сомасында несие берген. Бұл барлық трансферттің 5.7 пайызын қамтиды. Бұған түсініктеме ретінде сенаттың жауабы бар. Сенат мұны үкіметтегі бюджеттің тапшылығына сілтеме жасай отырып, соның негізінде несие берілгендігін айтқан. Сондай-ақ біз салық төлеуден жалтару тәуекелдерін де қарастырдық. Қазақстанның жыл сайынғы заңсыз салық шығындары яғни сыртқа кеткен қаржы ағымдары 213 млн долларды құрайды», дейді Фарида Есімбай.

Осындай мәліметтерді келтірген аудиторлар Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік жағдайы алдағы уақытта күрт өзгеріп, қиындауы мүмкін екенін айтады.

Бениш моделі бухгалтерлік баланстан, кірістер мен шығыстар туралы есептен және ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепке негізделген  8 көрсеткішінен тұрады. Бұл тәуекелді 1990 жылдары профессор Мессод Д.Бениш әзірлеген. M-Score әдістемесі  бойынша талдау жүргізу  нәтижесінде қаржылық есептіліктегі манипуляциялардың 76% ықтималдығын анықтауға болады екен. Бұл талдау негізінде америкалық сарапшылар АҚШ-тың 2 мыңға жуық компаниясының қаржылық есептеріне тәуелсіз талдау жасап, олардың есептілігі мен кірістеріне манипуляция жасағандығы анықталған.

«Үлкен төрттікке» Deloitte, PricewaterhouseCoopers, Ernst & Young және KPMG брендтерімен коммерциялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық компаниялар желісі кіреді.