1 маусымнан бастап 1414 нөмірінен МӘМС-ке және тегін дәрі-дәрмекке қатысты ақпарат алуға болады
Осылайша Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы ӘМСҚ call-орталығының функцияларын өзіне қабылдады.
1 маусымнан бастап 1414 операторлары азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық көмек алу бойынша кеңес беретін болады. Бұл туралы Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясынан хабарлады.
«1414 Бірыңғай байланыс орталығы азаматтарға МӘМС-ке жататын қызметтер түрі, оның ішінде тегін стоматологиялық ем алу мәселелері, сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде көрсетілетін қызметтер бойынша кеңес береді. Одан бөлек, қазақстандықтар медициналық ұйымға 1414 желісі арқылы шағымдана алады»., делінген хабарламада
Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясына тиесілі 1414 бірыңғай байланыс орталығы 1 318 мемлекеттік қызмет (ішкі тармақшаларын қосқанда) бойынша кеңес көрсетеді. Операторлар азаматтарға eGov.kz порталы, eOtinish жүйесі және ХҚКО қызметтеріне қатысты мәлімет ұсынады. Одан бөлек, қазақстандықтар 1414 желісі арқылы ХҚКО-ларда қызмет көрсету сапасы бойынша шағымдарды қалдырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінімдерді бере алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап Бірыңғай байланыс орталығының қызметтері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға берілді. Айта кетейік, 1414 желісі бойынша кеңес алу тәулік бойы жүргізіледі. Ұялы және қалалық телефондар арқылы қоңыраулар шалу тегін.