ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездесуді одан әрі жалғастырып, саладағы проблемалық мәселелер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылады. 26 мамырда өткен жиынға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері қатысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ішкі резервтер есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті $46 млрд-қа ұлғайтуға болатынын, сонымен бірге Қазақстан макроөңір нарығына қосымша жалпы құны шамамен $300 млрд құрайтын өнім жеткізуге әлеуеті бар екенін хабарлады.
Тікелей мемлекеттік ынталандыру шарасы аясында биыл 500 млрд теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму банкінің желісі арқылы қаржыландыру жоспарланып отыр.
Отандық өндірісті дамыту мүмкіндігі жоғары негізгі бағыттардың қатарында мұнай-газ машиналарын жасау, құрылыс материалдарын, азық-түлік және тыңайтқыштар шығару, болат өнімдерін, алюминий және мыс салаларының тауарларын өндіру, темір рудасын, мақта талшығын, жүн, былғары өңдеу және басқалар бар.
Тікелей мемлекеттік ынталандыру шарасы аясында биыл 500 млрд теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму банкінің желісі арқылы қаржыландыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу шеңберінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидиялардың қолжетімділігін арттыру үшін кезек тәртібімен берілген өтінімдерді қанағаттандыруға кепілдік беретін «күту парақтары» іске қосылды. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға кемінде 425 млрд теңге бөлінетін болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы биылғы көктемгі егістік жұмыстары мен орақ науқанына 140 млрд теңге бөлінді, оның 70 млрд-ы орта мерзімге арналған қаражат және келесі жылғы сәуір айына дейін қайтарылады.
Несиелеуге келетін болсақ, форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 71 млрд теңгеден астам қаржы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және мал азығын дайындауға арналған техника сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар барлық өңірлерде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, АӨК-тегі инвестициялық жобаларды несиелендіру бағдарламасын іске асыру басталады. Биыл ол арқылы 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысын салуға 100 млрд теңге бағытталатын болады. Несиелерді 2,5%-бен 10 жыл мерзімге, ең жоғары мөлшері 5 млрд теңгеге дейін беру жоспарланып отыр.
Отандық мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту үшін қазақстандық кәсіпорындарды экспорттаушылардың шетелдік тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 3282 кәсіпорын өз өнімдерін шетелге жеткізуге құқылы.
Өсімдік шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, соңғы екі жылда қазақстандық 901 кәсіпорын Қытайдың Бас кеден басқармасының реестріне енгізілген.
Кездесуге қатысушылар жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну, субсидиялаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, өндірісті жаңғырту және автоматтандыру, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, жер ресурстарының қолжетімділігі, шағын өнеркәсіп аймақтарын дамыту, өндірістегі отандық үлесті арттыру, экспортты қолдау, жосықсыз бәсекемен күрес және басқа да бірқатар мәселені талқылады.
«Еңбек», «Қазақстанның жылыжай технологиялары», «СНН», «Turkey PVL», «Радуга», «Asyl Farms», «Адал-Агро», «Asyl Farms», «TEHNOPARK KZ» және т. б. компаниялардың басшылары сөз сөйледі.
«Ол үшін өндіріс циклінің барлық кезеңінде яғни, шикізат базасынан бастап дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға сатуға дейін қолдау көрсетіледі», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы биыл индустрияландыру желісі бойынша 1 трлн теңгеден астам сомаға 170 жобаны, АӨК-те жалпы құны 540 млрд теңге болатын 300 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар салықтық және кедендік артықшылықтар тізбесі, оның ішінде дайын өнімді экспорттаушылар үшін кеңейтілуде. Жергілікті деңгейде жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу және әкімдіктердің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі.
Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру да маңызды бағыт екенін атап өтті.
«Мемлекеттен қолдауға ие болған бизнес субъектілері өз өндірісін кеңейтіп, шикізаттық емес өнім шығару көрсеткішінің өсуін қамтамасыз етуге тиіс. Мұнда ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге басымдық беру керек. Әрбір жоба бойынша нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізу керек, бұл экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға үлес қосады», — деді Үкімет басшысы.