Шет мемлекет аумағында қарулы қақтығысқа қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Жарияланды
Deposit Photos

Қызылорда облысының прокуроры Нұрлан Бижанов Қазақстан азаматтарын шетелдегі соғысқа араласпауға шақырды.

Прокурор соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарында шетел және Қазақстан азаматтарын өзге елдердегі қарулы қақтығысқа шақыру туралы үгіт-насихат материалдары таралып жатқанын, олардың жалдамалы әскери топтарға белсенді түрде адам жинап, азаматтарға қомақты жалақы, сыйақы төлейтіндігімен қызықтыратынын айтады. Ел азаматтарын ондай қадамға барудан бас тартуға шақырған құзырлы орган өкілі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертті.

«Заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға және қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамын», дейді облыс прокуроры.

Ал шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қасақана заңсыз қатысқан азаматтарға Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша бес жылдан тоғыз жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170-бабына сәйкес жалдамалы азаматты азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге материалдық қамтамасыз ету, қарулы қақтығыста, соғыс қимылдарында шақыру заңсыз болып саналады.

Сонымен бірге азаматтарды конституциялық құрылысты құлатуға және оған нұқсан келтіруге үгіттеу, өзге де күш қолдану әрекеттеріне пайдалану немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға шақырудың қылмыстық жауапкершілігі бар. Мұндай қылмысқа барғандардың мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылы мүмкін. Сондай-ақ адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған жағдайлар болса, 20 жылға дейiнгi немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Сондай-ақ оқыңыз