Жаңа сауда платформасы Қазақстан бизнесінің Еуропаға шығуына көмектесе ала ма?
Орталық Азияның халықаралық сауда дәлізі ретіндегі маңызы артып келе жатыр. Соңғы уақытта ОА елдері өнімдерінің халықаралық нарыққа шығуы қарқын ала түсті. Осы орайда таяуда Алматыда БҰҰ мен ДСҰ бірлескен агенттігі Халықаралық сауда орталығы (ITC) Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Ready4Trade Орталық Азия» жобасының нәтижелерін көрсетіп, Орталық Азияның бес елінде аумақтық және халықаралық сауданы дамыту бойынша алқалы отырыс өткізді.
Жиын барысында келесідей мазмұнды тақырыптар қамтылды:
Ашық трансшекаралық сауданы арттыру және нормативтік және рәсімдік кедергілерді жою жөніндегі жұмыс;
Бизнестің трансшекаралық формальдылықтарды сақтауын нығайту үшін экспортты басқару жөніндегі өңірлік оқу бағдарламасын әзірлеу;
Тұрақты прогресті қамтамасыз ету үшін гендерлік аспектілерді және одан әрі әрекеттерді ескере отырып, сауда процедураларын жеңілдету бастамасының нәтижелері мен факторлары.
Алдымен Central Asia Gateway және Орталық Азиядағы сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі порталдар желісінің іске қосылуына байланысты ұсынылатын мүмкіндіктер талқыланды. Central Asia Gateway Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі порталдардан ақпаратты біріктіреді және операторларға өнімнің ерекшелігін ескере отырып, трансшекаралық сауданың формальдылықтары туралы ақпаратқа оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Платформа аймақты халықаралық нарықтармен байланыстыруға көмектесу үшін Орталық Азияның барлық сауда порталдарының мүмкіндіктерін пайдаланады. ITC және БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) техникалық қолдауымен әзірленген сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі порталдар ДСҰ сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі келісімнің 1.2-бабында бекітілген сауда рәсімдерін оңайлату мақсатына қол жеткізуге ықпал ете отырып, әлемнің 30 елінде енгізілді.
Қазақстанның сауда порталы трансшекаралық сауданы жүргізу уақыты мен шығындарын қысқартты.
2022 жылғы 4 шілдеде іске қосылған сәттен бастап платформа (Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі жанындағы «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ әзірлеген) қазірдің өзінде 5 000-нан астам пайдаланушыға қызмет көрсетеді және оның аудиториясы тез кеңейіп келеді.
Екінші аймақтық іс-шара ITC серіктестеріне аумақтық экспортты басқару бойынша оқу бағдарламаларымен танысуға мүмкіндік берді.
«Аумақтық және халықаралық сауданы ілгерілету үшін ITC әр елдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындары (ШОБ) үшін тегін курстар әзірлеп, өткізді. 4500-ден астам ШОБ өкілдері процедуралық және нормативтік трансшекаралық талаптарды қамтитын онлайн және офлайн оқытудан пайда көрді. Бұл курстар экспортты басқару бойынша толық және заманауи оқу бағдарламасын құрайды және олардың біліктілігін арттыру мақсатында болашақ және компания басшыларына, экспорттаушыларға арналған. Курстар халықаралық сауда ережелерінен бастап экспорт процесіне, транзиттік маршруттарға, сапа және сәйкестік стандарттарына және Еуропалық Одақ нарығының талаптарына дейінгі көптеген мәселелерді қамтиды», делінген «Ready4Trade Орталық Азия» хабарламасында.
Үшінші аймақтық іс-шара әйелдер кәсіпкерлер қауымдастығына және кеден брокерлері қауымдастығына, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдеріне гендерлік факторларды ескере отырып, сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі жоба бастаманың жетістіктерін қорытындылауға және болашақ мүмкіндіктерді айқындауға мүмкіндік сыйлады.
«Трансшекаралық сауданы жүзеге асыру кезінде әйелдердің қандай шектеулерге тап болатынын түсіну және практикалық шешімдер ұсыну үшін ITC Орталық Азияның бес елінде 1500-ден астам әйелдер арасында сауалнама жүргізді. Шекара қызметінің 600-ден астам қызметкері гендерлік сезімтал шекара ортасын құру үшін саудаға жәрдемдесудің әділ, әдепті әдістерін әзірлеу бойынша оқытудан өтті, ал 350-ден астам әйел кәсіпкер кеден заңнамасы мен халықаралық нормативтік-құқықтық базаны, кеден брокерлерімен келіссөздердің ерекшеліктерін, сондай-ақ шекарадан өту кезіндегі ережелер, құқықтар мен міндеттерді түсінуді жақсартты», деп мәлімдейді «Ready4Trade Орталық Азия».
Бағдарлама жетекшісі Юрий Скаскевичтің айтуынша, «Info Trade Central Asia Gateway іске қосылуы Еуропалық Одақтың сапалы инфрақұрылымға мағыналы инвестицияларды қолдау жөніндегі жоспарына сәйкес келетін Орталық Азия өңірі үшін маңызды шара болып саналады. Екінші бастама – экспортты басқару жөніндегі оқу бағдарламасы – Орталық Азияның жеке секторының әлеуетін ашудың және экспортты әртараптандыруға ілгерілетудің кілті дейді ол.
«Трансшекаралық саудадағы ашықтық пен жеке сектордың әлеуеті халықаралық сауда үшін өте маңызды. Central Asia Gateway және Ready4Trade жобасының экспортты басқару жөніндегі аймақтық оқу бағдарламасын Орталық Азия және оның серіктестері жеке сектордың, атап айтқанда шағын бизнестің қажеттіліктеріне уақтылы жауабы деп түсіну керек», дейді Халықаралық сауда орталығының сауда процедураларын жеңілдету жөніндегі аға кеңесшісі Пьер Бонтонно.
«QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров өз кезегінде «QazTrade Academy-дің жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға өз бизнесін дамыту және жаңа нарықтарға шығу үшін халықаралық сауда ережелерін және оларды практикалық қолдануды түсінуге мүмкіндік беретін бірегей платформа екенін атап өтті.
«Қазақстанның сауда порталы ақпараттық-анықтамалық құрал ретінде қызмет етеді, ол арқылы кез келген адам қазақстандық бизнес үшін басым тауарлар бойынша экспорт/импорт және транзит рәсімдерінің қадамдық сипаттамасымен оңай таныса алады», деп түсіндірді Нұрлан Құлбатыров.
Айта кетейік, «Ready4Trade Орталық Азия» – Еуропалық Одақ қаржыландыратын, Халықаралық сауда орталығы (ITC) ұлттық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асыратын төрт жылдық жоба. Жобаның мақсаты – Орталық Азия бес елінің өңірлік және халықаралық саудасын ілгерілету арқылы Орталық Азияның орнықты және инклюзивті экономикалық дамуына үлес қосу.