«Болашақ технологиясы» дегенде көз алдымызға бұрын фантастикалық дүниелер елестесе, қазір шынайы әрі пайдалы технология келеді. Жүргізушісіз көліктерге бүгінде еш таңғалмаймыз. Сол секілді автокөліктердің басқа көліктермен не бағдаршаммен «тікелей тілдеседі» дегенге де таң-тамаша болудың керегі жоқ. Себебі V2X технология дәуірі басталып жатыр. Оның қандай артықшылығы бар? Қандай салаларда қолданылады? Осы туралы бүгінгі материалымызда айтамыз.
V2X технология деген не?
Ағылшынша Vehicle-to-Everytning деген сөзден қысқартылып, V2X деген атау алған. Яғни «барлық жерге қосылған автокөлік» дегенді білдіреді. Осы технологияның арқасында автокөлік басқа автокөліктермен «сөйлесіп», жол инфрақұрылымы туралы ақпаратты алып отыра алады. Айталық, сізде осындай функционалы қосылған көлік бар. Сіздің машинаңыздың экранына жолда болып жатқан нәрселер туралы мәлімет келіп тұрады. Алда жол-көлік оқиғасы болса немесе жылдамдықты азайту керек болса — сол жайлы хабардар болып отырасыз. Ал жүргізушісіз көліктерде тіпті автоном түрде реакция жасайтындай функциялар болады. Бұл дегеніміз адамның уақытын әжептәуір үнемдейді. Бір жол жабық болса, оның жабылғанын сол жерге барғанда бір білмейсіз, алдын-ала біліп, басқа жолмен кетесіз. Тағы бір артықшылығы — жолдағы болған кез келген жағдай туралы түрлі жедел қызмет те, жол жөндеумен айналысатын қызмет те хабардар болып отырады. Жүйе жол-көлік оқиғасы болса, жолда бөгде заттар жатса, жөндеу жұмыстары жүріп жатса, жол тайғақ болса және т.б жағдайларда ақпаратты дер кезінде беріп отырады. Қиылыстарда ұзақ тұрып қалмас үшін бағдаршамның қызылы мен жасылының жану режимі де көрініп тұрады, сәйкесінше автокөлік ағынына қарай кептеліс туралы да дерек беріледі. Осының бәрі жұмыс істеп тұруы үшін автокөлікте борттық V2X құрылғысы орнатылуы керек. Ал жол инфрақұрылымы объектілері ақпарат жіберіп отыратын базалық станциялармен жабдықталуға тиіс.
Алдағы уақытта V2X технология қарыштап дами береді. Өйткені ол жүргізушілерге тек пайдасын тигізеді. Көлік ағынына қарап, жолын жоспарлайды, жолда қозғалыс қауіпсіздігі артады, өлім-жітімнің де азаюына септігін тигізеді. Демек, бұл технология арқылы автокөлік айдау комфорт әрі үнемді бола түседі. Жолдар болса, бұрынғыдан қарағанда қауіпсіздеу болады. Бір қызығы, V2X технология тек осымен шектелмейді. Одан бөлек, басқа салаларда да қолданылып, болашақта ауқымын кеңейтуі мүмкін.
Қай салада қолданылады?
Жедел қызмет. Жолда барынша жылдам жүруі керек бірден-бір қызмет болғандықтан, V2X технология бұларға аса қажет. Мысалы, V2X көмегімен жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция жолда болған оқиға туралы дер кезінде хабардар болып отырады. Ал айналасындағы автокөліктер олардың таяп қалғанын біледі. Арнайы көліктердің келе жатқанын білген бағдаршам жүйесі әдеттегі жұмыс циклін сәл өзгертіп, жедел қызметтің өтіп кетуіне мүмкіндік береді. Осының бәрі көлік бағдаршам түбіне келгенде емес, одан әлдеқайда бұрын белгілі болады. Бұл технологияның арқасында арнайы көлік экипажы діттеген жеріне 20 пайыз ертерек жетеді деседі. Бұл болса, адам өмірін сақтап қалуға жол ашады.
Ауыл шаруашылығы. Бұл салада да V2X технологияның тигізер пайдасы орасан. Мысалы, шалғай жерлерде желі ұстамайды. Ал бұл технология арқылы соған қарамастан жүргізушісіз комбайндарды қолдануға болады. Өздігімен басқарылатын техника күн-түн демей жұмыс істей береді. Адамдар секілді еңбек демалысын алмайды, ұйықтауға уақыт сұрамайды. Әрі егін жинаған кезде 10 см дәлдікке дейін жинайды. Адам өміріне қатысты қауіп азаятынын да атап өту керек. Машинаның агрегаттары және жалпы жағдайы жайлы диагностикалық ақпарат жолданып тұратындықтан, техникаға бірдеңе бола қалса, дереу жөндеуге мүмкіндік береді. бұзылып қалғанда ұзақ уақыт тұрып қалмайды. Өйткені нормадан тыс нәрсенің бәрі жүйеде көрініп тұрады.
Қоғамдық көлік. Әрине, бұл салаға V2X технология келмей қоймайды. Қандай артықшылықтары болады? Инфрақұрылымнан ақпарат келіп отырғандықтан, қоғамдық көліктер жолда басымдыққа ие бола алады. Мысалы, АҚШ-да V2X технология экспресс-автобустарға қиылыстарда приоритет беру үшін қолданылады екен. Яғни кестеден кешігіп жатқан болса, бағдаршамның қызылы үш рет жанып, ауысқан кезде автобус бұрынғы графигіне қайта келеді екен. Үндістан болса, V2X технологияны қоғамдық көлікке «жасыл коридор» ету үшін қолданып көрген. Тәжірибеге 378 автобус қатысқан. Олар күніне 3656 рейс жасап, 103 км қашықтықты 178 станцияға жүріп шығады екен. Енді бұл технология арқылы автобустар бағдаршам туралы ақпаратты біліп отырып, жолда басымдыққа ие болған. Осылайша жолдағы уақыт 40 пайызға қысқарған. Қиылыстарда бұрын 33,1 секунд күтіп тұратын болса, технологияның көмегімен 86,2 пайызға яки 4,5 секунд болып қысқарған. Сеулде V2X технология қоғамдық көлікпен интеграцияланған. Мектепке жақындаса, жаяу жүргіншілер жолына таяғанда, яғни баса назар аудару керек жерлерде алдын-ала ескерту алып отырады. Сонымен бірге жол мен ауа-райы туралы ақпарат та беріледі. Соның арқасында жайсыз жағдайлар саны азаяды.
Жол инфрақұрылымы. Жол мен автокөліктерден басқа, бұл технология трассаларды жөндеу саласына да зор пайдасын тигізеді. Алдағы жылдары «ақылды» жолдар мен V2X технологиясы қосылған автокөліктер барлық ақпаратты демде біліп отыратын мүмкіндік алады. Соның арқасында жолда машина бұзылып қалса, көмек тез келеді. Сондай-ақ, қатты желден жол үстіне ағаш құласа да, оны көтеріп, басқаларға кедергі болмайтындай жағдай жасалады. Қар аралас жаңбыр жауып, оның соңы тайғанақ жолға айналғанда да осы технологияның арқасында жылдамырақ қимылдайды. Олай болатын себебі, V2X технология жолдың жағдайы мен жолда болып жатқан оқиғалар туралы онлайн режимде ақпарат береді. Бұл болса, мәселеге жедел реакция білдіруге жол ашады. Демек, жылдам мәлімет алғандықтан, қымбат жөндеу жұмыстарына ұрынбай, жолға профилактика жасап тұруға мүмкіндік береді. АҚШ-тағы McKinsey & Company консалтиң компаниясының деректеріне сүйенсек, ондағы жолдардың 41 пайызы ғана норматив талаптарына сәйкес келеді екен.