Дамушы нарық валютасы әртүрлі бағыттағы динамика көрсетті
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 26 мамырда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,6%-ға (448,31 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 445,68 теңгені құрады. Бұл турады Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылғы 19-26 мамыр аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ Президенті мемлекеттік борыштың ең жоғары шегіне қатысты мәселе бойынша өкілдер палатасының спикерімен уағдаластыққа қол жеткізгенін мәлімдеді. АҚШ ФРЖ Төрағасы мөлшерлемені арттыру циклінде үзіліс алу қажеттілігі туралы белгі берді. АҚШ-тағы жеке тұтыну бағасы индексінің өзгеруі арқылы өлшенетін PCE базалық инфляциясы сәуір айының қорытындысы бойынша талдаушылардың күткенінен асып түсіп, ж/ж 4,6%-дан ж/ж 4,7%-ға дейін ұлғайды.
Бұл факторлар дамушы нарықтардағы валюталардың әртүрлі бағыттағы динамикасын көрсетті.
Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:
- Мексика песосы Үкіметтің Grupo Mexico-мен теміржолдың бір бөлігін сатып алу жөніндегі келісімге қол жеткізуі аясында 0,9%-ға (17,79-дан 17,63-ке дейін) нығайды, бұл инвесторлардың елдегі бизнестің қорғалуына қатысты қаупін әлсіретті;
- үнді рупиясы қалыпты көрсеткіштерден күрт ауытқусыз муссондар маусымы туралы метеорологиялық болжам аясында 0,1%-ға (82,67-ден 82,57-ге дейін) нығайды, бұл инвесторлардың елдегі инфляцияға күн райының теріс әсері туралы қаупін төмендетеді;
- Бразилия реалы бір апта ішінде АҚШ доллары үшін 5 бразилиялық реал деңгейінде қалып, өзгерген жоқ;
- Ресей рублі қаралып отырған кезеңде айтарлықтай өзгерген жоқ, түрлі бағыттағы факторлардың әсері – бір жағынан мұнай мен санкциялық риториканың төмендеуі, екінші жағынан салық төлемдерінің жақындауы аясында 80 рубльден 80,06 рубльге дейін 0,1%-ға әлсіреді;
- Индонезия рупиясы 0,2%-ға (14 930-дан 14 955-ке дейін) әлсіреді. Орталық банк валюталық тұрақтылықты сақтауға бағытталған шараларды жүзеге асыратынын жалғастыратыны жөнінде белгі бере отырып, базалық мөлшерлемені 5,75% деңгейінде сақтады;
- түрік лирасы президентті сайлауға дауыс берудің екінші кезеңінің нәтижелері бойынша белгісіздік пен инвесторлардың алаңдаушылығы аясында 0,8%-ға (19,81-ден 19,97-ге дейін) әлсіреді;
- Оңтүстік Африка ранды ОАР-дың РФ-мен қарым-қатынасына байланысты АҚШ пен ОАР арасындағы дипломатиялық келіспеушіліктер аясында 1%-ға (19,45-тен 19,65-ке дейін) әлсіреді. Орталық банк ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты инфляциялық күтуді төмендету мақсатында мөлшерлемені 7,75%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді.