Мектептерде оқы жылы аяқталғанымен, балалардың білім алу процессі тоқтап қалады деген сөз емес. Көптеген ата-аналар өткен оқу жылында балаларының білімге құштарлығын арттыру үшін түрлі әдіс-тәсілдерге барғанына күмәніміз жоқ. Жалпы, жаңа заман балаларына жаңаша оқу әдістерін пайдаланбаса болмайды. Өйткені дәстүрлі сабақ процесі технологияны «шемішкіше шағатын» жас ұрпақты жалықтырып, оқуға деген қызығушылықты басып тастауы мүмкін. Ендеше, альфа яки iGeneration ұрпаққа қандай тәсілдерді қолдану керек? Сабаққа деген ынтаны арттыру үшін технологиямен қалай байланыстыруға болады? Бүгінгі мақалада осы мәселеге зер салып көрейік.
Қазір мектептен бастап 3D-модельдеу, бағдарламалау, желілік әкімшілік, қолданушы интерфейсінің дизайнын істеуді оқыту ең дұрыс шешімдердің бірі болмақ. Белгілі футуролог, технологиялар бойынша эксперт Дуглас Рашкоффтың айтуынша, бағдарламалау қазіргі заманның жаңа грамматикасы іспеттес. Сондықтан оның негіздерін әліпби үйренумен қатар бастау керек деседі.
Осы ретте мультимедиялық контенттің рөлін де атап өтейік. Егер осы әдісті ұтымды пайдалана алса, кез келген ұстаз шәкірттерін үйіріп әкете алады. Мәселен, көпшілікке өзінің ерекше сабақ беру әдісі арқылы танылған талдықорғандық мұғалім Ұлан Үсеновті алып қарайық. Химия пәнінің қиын терминдерін рэп стиліне салып әндетіп тұрып түсіндіреді. Оксид деген не екенін «химия қиын, ашиды миың» деп жүрген баланың өзі тез-ақ түсініп алады. Демек мультимедиялық контенттің қазіргі оқушылар үшін маңызын осыдан көрсек болады. Қазіргі таңда Үсеновтің TikTok парақшасына 1,2 миллион оқырман жазылған. Осы сияқты анимация түріндегі видео арқылы физика заңдарын түсіндірсе, қазақ әдебиетінің қызық тұстарын оқиға қылып айтып берсе, оқуға деген құлшыныс артатыны анық. Кейбір оқушылар оқулықтан оқығаннан гөрі осындай қосымша әсер алып оқығанды құп көреді.
Сонау 1960 жылдары америкалық педагог Эдгар Дэйл Оқу пирамидасын жасап шығарған. Ол қалай десеңіз айтайық. Оның айтуынша, жастар әлденені естіп, оқығаннан қарағанда істеп, процеске қатысқан кезде ақпаратты жақсы сіңіреді екен. Мектептегі жүйе есте сақтауға арналған ақпаратты берумен шектелмей, ойлауға, ойлануға үйретуі керек деген пікірді ұстанған. Бұл қазіргі уақытта мейнстримге айналған «сыни ойлаумен» ұштасады. Расында, осы әдістер әлдеқайда ұтымды. Бүгінде балаларды қызықтыру үшін виртуал зертханалар жасау әдісі алдыңғы қатарлы мектептерде қолданылады.
Білім саласына қажет технологиялық тенденциялар
Дижитал сауат. Қазір қашықтан оқу форматы әбден сіңіп кетті. Пандемияға дейінгі уақытта онлайн оқуға секеммен қарайтындардың басым көпшілігі қазір бұл форматтың офлайннан кем емесін мойындайды. Қашықтан оқудың басты плюстерінің бірі ретінде әлемнің қай жерінде тұрсаңыз да оқи алатыныңыз десек болады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға да біраз жол ашады. Үйден шыға алмай отырса да, онлайн оқып, дами алады. Бастысы, білім саласына инновациялық технологиялардың енуімен қатар фактчек жасау және гаджеттерді пайдалану секілді машық қоса керек. Ақпаратты сүзгіден өткізе алу, киберқауіпсіздік негіздерін жақсы білу шарт. Өйткені артықшылығы мол болғанымен, алаяқтар не агрессорлардың қақпанына оп-оңай түсіп қалуыңыз мүмкін.
Ұстаз рөлі қазір бұрынғыдан өзгерек. Кейінгі жылдары білім беру жүйесінде тәлімгерлікке баса мән беру керек деген ой жиі айтылып жүр. Яғни ұстаз қазір басты ақпарат көзі емес. Балаларда ақпарат ағыны онсыз да көп. Сондықтан жаңа заман мұғалімдері оқытумен шектелмей, процеске жетекшілік етіп, бағыт беріп, жаңа дүние үйренуге талпындырады. Соған байланысты жоғарыда атап өткеніміздей, сабақ форматын да өзгертуге тура келеді. Түрлі жаңа ақпарат арналарын қолданып, сабаққа жаңа технологиялар қосып жүргізеді.
VR,AR, QR технологиялар. Расында, технология дамыған сайын балаларға ақпаратты оқулықтан қабылдау қиынға соға бастады. Материалды сіңіріп, түсіну үшін оларға бүгінде визуал, аудиал қолдау қажет. Ұстаздарға жай сабақ емес, ойын түрінде өткізуден өзге амал қалмай барады. Виртуал және толықтырылған шынайылық технологияларын пайдалану арқылы осы мақсатты іске асыруға болады. Мысалы әр тапсырманы орындау үшін квестен өтіп, келесі деңгейге өткен кезде баға емес, бонус яки жетістік беріліп отырады. Әр мектептен табылатын интерактив тақталарды да белсенді пайдалану керек. Сабақ процесінде VR-көзілдіріктер қолданылса, онда материалды тіпті жақсы түсінеді. Енді технологияларға толығырақ тоқталсақ.
VR немесе виртуал шынайылық деген — компьютер стимуляциясы. Ол құдды шынымен болып жатқандай әсер қалдырады. Ақпаратты есте сақтап, жақсы қабылдау үшін VR арқылы жасалған интерактив ортаға сүңгіп кетуге болады. Осы бағытта жасалған зерттеулер де бар. Нәтижесінде виртула шынайылық құрылғыларын қолданған кезде 60% жағдайда сабаққа деген ынта ашылған екен. Білім саласында бұл технологияны қолданып контент жасау жолдары мынадай: 360 градус видео, платформалар, алаңдар мен интерактив бағдарламалар. Ең кемінде ұстаздар VR-видео қолданғаны жөн. Арнайы көзілдірік туралы айттық. Айталық, химия пәнінен шын өмірде жасау өте қауіпті тәжірибелер бар. Ондай кезде виртуал зертхананы пайдалануға болады. Платформалар мен алаңдар дегенде виртуал лекциялар мен практикумдарды айтады. Мұндайда гибрид, яки онлайн мен офлайнның қосындысы пайдаланылады. Мысалы бір платформа мен бағдарлама аясында бірнеше түрлі контентті біріктіруге болады. Сонда балалар да жалықпай, керісінше қызығушылығы артады.
AR немесе толықтырылған шынайылық. Бұл — дижитал ақпаратты реал ортаның үстіне қойып, шынайы болып жатқандай әсер сыйлайтын технология. Яғни түрлі дыбыс, видео не графика қосады. Қазір барлық оқушыда дерлік смартфон бар. Сондықтан білім саласында AR технологияны енгізу оп-оңай. Осы ретте VR мен AR айырмашылығын айтып өтейік. Алғашқысы толықтай жасанды орта қалыптастырса, екіншісі — қолданушының қабылдауын өзгертіп, толықтыра түседі. Кейінгі зерттеулерге сүйенсек, әлемдік нарықтағы AR көлемі 2020 жылы 1,5 миллиард долларға жеткен. Ал алдағы 10 жылда 85 миллиардқа артуы мүмкін деседі. 2031 жылға қарай, үйрететін толықтырылған шынайылық технологияларына деген сұраныс 75 пайызға өсуі мүмкін деген болжам бар.
QR-код. Бұл дегеніміз — ішіне үлкен көлемді ақпаратты сақтауға мүмкіндігі бар штрих-код. Яғни онда сурет, мәтін, видео, PDF, сілтеме және т.б. болуы мүмкін. Оны қолдану үшін бар болғаны 2D-штрихкод генераторы керек. Әрине, сол кодты оқу үшін скан жасай алатын смартфон камерасы не арнайы қолданба қажет. Үй тапсырмасын кодтап, ешкім ешкімнен көшіре алмайтындай етуге болады. Болмаса, ашық сабақтарды QR-викторина түрінде өткізе аласыз. Яғни бұл технологияны қолданудың сан түрлі тәсілі бар.
Agile және Scrum. Айтқанымыздай, қазіргі ұрпақтарды альфа дейміз. Олардың ойлау қабілеті клип түрінде жүреді. Яғни ақпаратты үзік-үзік есте сақтап, ең-ең деген сәттерді ғана есте сақтап алады. Соның салдарынан бір нәрсеге толық назар аударып, бір ғана затқа мән беру оларға қиынға соғады. Қанша қинасаңыз да, қазіргі балаларды бұрынғы оқу процесімен ұстап тұра алмайсыз. Сондықтан заманға қарай бейімделуден өзге амал жоқ. Бірақ осы клип түрінде қабылдау қабілетінің артықшылықтары да бар. Айталық, деректерді демде өңдей алады, бір уақытта бірнеше іспен айналысады, бірнеше ақпарат көздерімен бір уақытта жұмыс істей береді.
Енді осы ретте IT-саласынан келген Agile мен Scrum технологиялары туралы айтайық. Бұл — тотал белгісіздік жағдайында тапсырма орындау, мәселені шешудің бейстандарт тәсілдерін іздеп табуға бағытталатын жүйе. Ол қалай жұмыс істейді? Бір тапсырма бірнеше бөлікке бөлнеді. Сөйтіп оны команда болып шешеді. Брейнстормиң, міндеттерді бөлу, жоғары деңгейде тәртіпке бағыну осы әдістер арқылы қолданылады. Команданың әр мүшесі нәтижесін өзі бағалап, талқылауға жол ашады. Алда жасайтын істерінің жоспарын әзірлеп, кеткен қателерден сабақ алады.