Электросамокатқа сұраныстың азаюына Мәжіліс қарауындағы заң ықпал етті ме?
Фото: kursiv.media
Елімізде электросамокаттарға сұраныс төмендеген. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көлік құралына деген сұраныс 23%-ға төмендеген.
Биыл мамыр айында Мәжіліс депутаттары «Жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдаған болатын. Бұл құжат негізінде электросамокаттар көлік құралы ретінде танылып, электросамокат айдайтын қазақстандықтарда жүргізуші куәлігі міндеттелді.
Бұл жағдай нарыққа қаншалықты әсер етті? Оны анықтау үшін еліміздегі онлайн-хабарландыру сервисі электросамокаттар мен велосипедтер нарығына талдау жасаған. Талдау негізінде, электросамокаттарға сұраныс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 23%-ға төмендегені анықталған. Сонымен қоса, қазақстандықтардың велосипедтерге деген қызығушылығы да азайып, сұраныс 30%-ға төмендеген. Мамандар электросамокаттарға деген сұраныстың төмендеуін елдегі жалдау қызметтерінің дамуымен байланыстырады.
Сұраныс төмендегенімен биыл ұсыныс артқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электросамокаттарды сату туралы ұсыныстар саны 20%-ға, велосипедтерді сату туралы ұсыныстар саны 10%-ға өскен. Алайда, сұраныстың төмендігіне байланысты жабық мәмілелер 2023 жылы бірден екі есе төмендеген.
Нарықтағы электросамокаттардың орташа құнына келетін болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өскен. Солайша, Қазақстандағы жаңа электросамокаттың орташа құны 140 000 теңгені, пайдаланылған электросамокаттың орташа құны – 110 000 теңгені құраған. Жаңа велосипедтің орташа құны 55 000 теңге болса, пайдаланылған велосипедтің орташа құны – 30 000 теңге болған.
Алматы қаласы электросамокаттарды сату және тұтыну бойынша бірінші орында. Мұнда электросамокаттың орташа құны 145 000 теңгені құрайды. Ал электросамокаттарға ұсыныс төмен өңір Түркістан облысы саналады. Электросамокаттардың нарықтағы орташа құны ең төмен қала – Қызылорда, онда бұл көлік құралының құны 130 000 теңгені құрайды. Бұл қалада велосипедтерге де қызығушылық төмен екен.
Осыған дейін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов самокат тебетіндердің жолда жүруін заңмен реттейтін заң жобасы қаралып жатқанын, оған сәйкес 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтарға самокат тебуге рұқсат берілетінін айтқан.