Жаңалықтар

Елімізде көмір мен лигнитті автокөлікпен әкетуге тыйым салынды

Еліміздің аумағынан көмір мен лигнитті (сулы, төмен калориялы және ағаштың қосындылары бар қоңыр көмірдің бір түрі) автомобиль көлігімен әкетуге 6 айға шектеу қойылды. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған тәртіп халықты және коммуналды-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету, сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық пен осы кезеңдегі энергетикалық қауіпсіздікті сақтау мақсатында ықтимал дүрбелеңді алдын алу үшін қолға алынды.

Бұл шектеуге сәйкес:

– тас көмір, брикеттер, түйіршіктер және қатты отынның ұқсас түрлері, көмірден алынған – тас көмір, шаңды көмір немесе шаңсыз, бірақ агломерацияланбаған (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының ТН ВЭД 2701 коды бойынша);

– гагаттан басқа агломерленбеген немесе көміртексіз лигнит немесе қоңыр көмірді 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынды (ТН ВЭД 2702).

Осы уақытша енгізіліп отырған шектеу биыл 22-ші ақпанда өткізілген Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қолдау тапты.