«Халық банк» 28,4 млрд теңге қаражатты мемлекетке қайтарады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ 25 мамырда өткен акционерлердің жалпы жиналысында дивиденд төлеуге шешім қабылдады.

Банктің баспасөз орталығының хабарлауынша, акционерлерінің сырттай дауыс беруі арқылы жылдық жалпы жиналысында 2022 жылға дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаған. Сол шешімге сәйкес банктің жай акциясына 25,38 теңге көлемінде дивидендтер төленеді. Төлем 2023 жылдың 6 маусымынан бастап беріле бастайды. Банк акционерлеріне төленетін дивидендтердің жалпы сомасы 276,8 млрд теңгені құрайды.

«Банк Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 27 сәуірдегі № 21 қаулысында көзделген ережелер мен талаптардың орындалуын қоса алғанда, қолданыстағы заңнаманың барлық талаптарын сақтайды», делінген баспасөз хабарламасында.

Банк дивидендтер төлеу кезінде «Қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және оны қалпына келтіру үшін мемлекет бюджетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын екінші деңгейдегі банктің жай және артықшылықты акциялар немесе мерзімсіз қаржы құралдары бойынша пайданы бөлу, дивидендтер есептеу, сондай-ақ меншікті акцияларды кері сатып алуды жүргізу талаптарын толық ескереді.

«Сол қаулы талаптарына сәйкес «Халық» банк «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ депозитін ішінара мерзімінен бұрын қайтаруға 28,4 млрд теңге немесе Банк капиталындағы ҚОҚ депозиті бойынша дисконт үлесін білдіретін төленетін дивидендтер сомасының 10,26% жібереді», деп түсіндірілген.

Жалпы, «Халық банктің» 2022 жылғы таза табысы 539,1 млрд теңгені құраған. Бан оның 28,4 млрд теңгесін Қазақстанның орнықтылық қорына қайтарады. Ал Тимур мен Динара Кулибаевтар «АЛМЭКС» арқылы 192,4 млрд теңгесін иеленсе, номиналды ұстаушы саналатын The Bank of New York банкі 78,9 млрд теңге дивиденд алады.

Бұған дейін депутат Ермұрат Бапи «Халық банк» таза пайдасының 50 пайызын 2022 жылға дивидендтер төлеуге бағыттайтыны туралы хабарламаны негізге ала отырып, Мәжіліс депутаттарын «Халық банкі» мен ҚР Ұлттық Банкінің есебін тыңдауға шақырды. Аталмыш қаржы институттары Мәжіліс алдында есеп бермейінше, дивиденттер төлеуді тоқтататын құжат қабылдауын ұсынып, cондай құжат қабылданған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз