Оқушылар арасындағы шахматтан әлем чемпионатына Қазақстан атынан он команда қатысады
28 мамыр күні Алматыда мектеп командалары арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жеңімпаз 10 команда биыл тамызда Ақтауда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Аталған чемпионатқа әлемнің 50 елінен келетін командалар қатыспақ.
Жеңімпаз кім?
12 жасқа дейінгі санатта бірінші орынды Шымкент қаласының №9 IT-лицейінің командасы
жеңіп алса, екінші орын Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейінің командасына беріліп,
үшінші орынға астаналық №72 мектеп-лицейі ие болды.
Ал 18 жасқа дейінгі санатта жүлделер былай бөлінді:
1 орын – Алматы қаласының РФММ-1 командасы;
2 орын – Алматы қаласының №92 М.Ганди атындағы мамандандырылған лицейі командасы;
3 орын – Атырау облысының «Білім-Инновация» лицей-интернаты.
Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі аясында жеке классификация жеңімпаздарының есімдері де белгілі болды. Ойыншылардың әр командасы төрт тақтада ойнайтын төрт адамнан тұрды.
12 жасқа дейінгі алғашқы тақталар арасында Сүлейман Ахмет жеңімпаз атанды. 12 жасқа дейінгі санаттағы екінші тақталар арасында бірінші орынды Нұрәлі Мұсаұлы, үшінші тақталар арасында бірінші орынды Аманбек Өтетілеу жеңіп алды. 12 жасқа дейінгі санаттағы жеке есепте төртінші тақталар арасында бірінші орынды Ибрагим Амангелді үздік шықты.
Жеке есепте 18 жасқа дейінгілер бойынша бірінші тақталар арасында бірінші орынды Димаш Кәрібаев, екінші тақталар арасында бірінші орынды Мұхтар Айнақұл алды. Үшінші тақталар арасында бірінші орын Зарина Нұрғалиеваға, төртінші тақталар арасында Дениз Құрманалинаға бұйырды.
Жеңімпаздар Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов пен Алматыдағы РФММ директоры Алмас Күнғожиннен сыйлықтар алды.
«Бұл шара елімізде өз форматы бойынша бірінші болып өткізілген және мектептер арасындағы жаңа чемпионат аясында әлемде ФИДЕ туымен бірінші болып Ақтауда өткізілетін жауапты және маңызды шара болды. Алдағы жарыста балаларымыздың болашағы зор екеніне сенімдімін. Араларыңызда бапкерлері мықты, ісіне шынымен жаны ашитын тамаша шахматистер бар. Бұл біздің федерация ретінде балаларымыздың ойын тәжірибесін арттыру, халықаралық жарыстарға қатысуы үшін атқарып отырған үлкен жұмысымыздың басы ғана. Қатысушыларға көп рақмет!» – деп атап өтті Тимур Турлов.
Негізгі жеңімпаздардан бөлек, мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатына өз санаттарында төртінші орын алған командалар жіберіледі. Ол 12 жасқа дейінгі санаттағы Астана қаласының РФММ командасы және 18 жасқа дейінгі санаттағы Алматы қаласының ФМБ НИМ командасы.
«Сонымен қатар, Ақтау қаласы да халықаралық турнирге қатысуға мүмкіндік алады. Бұл қаладан №7 мектеп-лицей мен IT мектеп-лицейінің командалары ойнайды. Олар ел чемпионатының іріктеу ойындарында жеңіске жетіп, тамыз айында Қазақстан атынан қатысатын командалардың қатарына қосылады», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті.
Қазақстан чемпионатына барлығы 225 бала қатысқан. Бұл – командалық жарыс. Белгілі бір ойыншы емес, ең үздік мектеп атағы үшін таласатын командалар жеңеді. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша, «қабырғадан қабырғаға» форматында, жылдам шахмат – әр жүріс үшін 10 секунд қосу арқылы ойынға 15 минуттан өтеді.
Мамыр айында Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович пен Тимур Турлов жалпы білім беретін мектептер арасында бірінші әлем чемпионатын өткізу жайлы келісімге қол қойды. Оған спортшылар, шахмат клубтарының тәрбиеленушілері емес, қарапайым мектеп оқушылары – шахмат әуесқойлары қатысады.