«ҚазТрансОйл» кірісі бірінші тоқсанда 13,6%-ға төмендеді
Фото: shutterstock
«ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны «ҚазТрансОйл» компаниясының шоғырландырылған таза пайдасы қаңтар-наурыз айларында 13,6%-ға азайып, 8,8 млрд теңге болған. Бұл жайлы компанияның баспасөз орталығы хабарлады.
«2023 жылдың 3 айында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның шоғырландырылған кірісі 67 млрд 851,6 млн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың 3 айындағы сәйкес көрсеткіштен 21%-ға жоғары. 2023 жылдың 3 айында «ҚазТрансОйл» АҚ шоғырландырылған таза пайдасы 8 млрд 819,5 млн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың 3 айындағы сәйкес көрсеткіштен 13,6%-ға төмен», делінген баспасөз хабарламасында.
24 мамырда «ҚазТрансОйл» акционерлерінің жалпы жиналысы өтіп, онда 2022 жылға компания 15 млрд теңге дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаған. Дивиденд құны компанияның бір жай акциясына 39 теңгемен есептеліп, нәтижесінде 4,8 млрд теңге компанияның иелігінде қалды.
Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының жай акциялары бойынша дивидендтер алуға құқылы акционерлер тізімі 5 маусым сағат 00:00-де белгілі болады. Оларға дивиденд төлеу 13 маусымдға жоспарланған.
ҚТО компаниясының директорлар кеңесі 24 мамырда Астанада өткен акционерлердің жалпы жиналысында компанияның жай акцияларына дивиденд төлеуге өткен жылдың соңында алынған 19,8 миллиард таза пайданың 15 миллиард теңгесін бөлуді ұсынған.
Ал ҚТО-ның шоғырландырылған таза пайдасы өткен жылы 60,9%-ға құлдырап, 19,8 млрд теңгеге жетті. ҚТО жай акцияларының 90%-ы «ҚазМұнайГаз» АҚ-қа тиесілі, бір акцияны алып тастағандағы 10%-ы миноритарлық акционерлердің бақылауында. ҚТО акциялары 2012 жылдың соңында Қазақстан қор биржасына (KASE) «халықтық IPO» аясында орналастырылды. Алғашқы орналастыру кезінде бір акцияның құны 725 теңге болды.