QazVac вакцинасына шығаруға қатысқан кей маман 250 мың теңге жалақы алады

Жарияланды

Отандық QazVac вакцинасына жауапты кей маман 250 мың теңге жалақы алады. Бұл туралы Астанада өткен «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы барысында «QazBioPharm» Ұлттық холдинг» АҚ бас директоры Ерғали Әбдірайымов айтты.

2021 жылы құрылған «QazBioPharm» Ұлттық холдинг» АҚ базасында отандық QazVac вакцинасы өндірілді. Ресми ақпарат бойынша, холдинг құрамына 8 ұйым кіреді. Оның ішінде алтауы – ғылыми мекеме, екеуі – өндірістік орын. Ұлттық холдинг биоқауіпсіздік саласына басымдық береді.

Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты болуына байланысты қазір QazVac вакцинасы өндіріліп жатқан жоқ.

«Әлемде коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатқан жоқ. Еуропада вакцинаны төртінші рет салу жоспарланып отыр. Қазақстанда оған қарағанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Тұрақтылыққа байланысты қайта вакцина салуды жоспарлап отырған жоқпыз. Егер эпидемологиялық ахуал өзгерсе, шұғыл шаралар қабылдауға біз дайынбыз», – дейді Ұлттық холдингтің бас директоры.

Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, QazVac вакцинасы коронавирустың жаңа штамдарына төтеп бере алады. Себебі коронавирус құрамы қатты өзгермеген.

«Зерттеу бойынша QazVac құрамындағы вирус жаңа шыққан вирустарға толық әсер етеді. Ғалымдар мұнымен тоқтамай, «Дельта» және басқа да штамға қарсы дәріні әзірледі. Қажет болған жағдайда штамм құрамын өзгертіп, жаңа вакцина жасап шығаруға дайынбыз», – дейді ол.

Вакцинаны жаңа штамға сай етіп әзірлеуге екі айға жуық уақыт кетеді. Алайда денсаулық сақтау министрлігінің вакцинаны қабылдау мерзімі төрт айдан алты айға созылуы мүмкін.

«Отандық ғалымдар мен отандық денсаулық сақтау жүйесі қазір (келесі пандемияға) 100% дайын. Оны сенімді түрде айта аламыз. Өткен пандемия кезінде көп сабақ алдық. Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік мекеменің, денсаулық сақтау саласындағы ғалымдар мен дәрігерлердің байланысы ретке келді. Қойылған стратегия бар, соның арқасында болуы мүмкін пандемияға толық дайынбыз», – дейді Ерғали Әбдірайымов.

Қазір Ұлттық холдингте 3 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Ішінде 250-мың ғалым вакцина әзірлеу жұмысына жауапты. Айтуынша, ғылым саласында базалық, нысаналы және гранттық қаржыландыру бар. Ол жерде техникалық жұмысшылар мен ғалымдар деп бөлінеді.

Вакцина шығарылып жатқан жоқ, алайда QazVac жасауға қатысқан техникалық мамадардың жалақысы 200 мың теңгеден жоғары, ал ғалымдардың ең төменгі жалақысы – 250 мың теңге.
Холдингтің бас директоры бұл жалақының аз екенін де айтып өтті. Алайда бюджетті республикалық комиссия және басқа да сарапшылар белгілейді.

Сондай-ақ оқыңыз