Жаңалықтар

1 маусымнан бастап электр энергиясының тарифтері көтеріледі

Фото: kursiv.media

Еліміздің 55  электр және жылу станциялары тексерілді. Тексеріс нәтижесінде станциялар жағдайына қарай қызыл, сары, жасыл аймақтарға бөлінген. Бірақ қандай аймаққа қарайтынына қарамастан барлық станциялар жөндеуден өтеді. Бұл жайлы Энергетика Вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты.

Былтыр жүйеде көптеген ауытқулар болғандықтан, Үкімет елдегі бүкіл станцияларда техникалық аудит жүргізуді тапсырған. Дүниежүзілік банктің қолдауымен, KPMG бастаған халықаралық топ елдегі 55  электр станциясы мен жылу станцияларының негізгі және қосалқы жабдықтары тексерілген. Алдағы уақытта бұл станциялардың әрбірінің жағдайына қарай іс-шаралар жүргізіледі.

«Маусым айының соңына қарай техникалық қызмет көрсетуді одан әрі пайдалану және жүргізу жөніндегі қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шараларды көрсете отырып, әрбір станция бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары дайындалатын болады», дейді Жандос Нұрмағанбетов.

Бүкіләлемдік банктің энергетика бойынша аға маманы Sandeep Kohli елдегі станциялар қаражаттың дұрыс бөлінбеуі салдарынан тозғанын айтады.

«Бірнеше жылдар бойы бұл салаға қаржы жұмсалмаған. Жұмсалса да, жеткіліксіз жұмсалған. Бұл  секторға дұрыс көңіл бөлінуі керек. Өйткені бұл салада тек тұрақтылық маңызды емес, сонымен бірге бұл саланы дамыту да маңызды. Ол үшін бұл сектордың операциялық қызметін модернизациялау керек. Мұның барлығына инвестиция қажет. Сондай-ақ бұл сала мамандарына айтарым, ескіліктен арылу керек. Жаңа технологияларға бет бұрған дұрыс. Ал замануи, жасыл технологияларға көшу үшін бірден ірі жобалардан бастау керек. Соның арқасында таза технологияларға көшу жеңілірек болады», дейді сарапшы.

Тексеріс барысында қызыл аймаққа жатқызылған яғни әбден тозған бірнеше нысан белгілі болған. Оларға қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта жасыл технология бойыша жұмыс істейтін станциялар салу жоспарланған. Ал көмірмен қыздырылатын жылыту станцияларын газға көшіру де жоспарда бар.

Екібастұзға келер болсақ, вице-министр онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар жылу жүйесінің магистралін жөндеуге мемлекет 9.4 млрд теңге бөлсе, станцияның өзін жөндеуге 7.4 млрд теңге бөлген. Жалпы, Екібастұздағы жылыту станциясының өзін ғана жөндеуге 15 млрд кетеді. Оның жөндеу жұмыстарына кететін шығынның жартысын меншік иесі өз мойнына алған. Риддердегі станцияны жөндеуге де мемлекет бюджетінен қаражат қарастырылған. Оған қанша қаражат жұмсалатыны әлі нақтыланбаған. Қазіргі таңда есеп-қисап жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов электр энергиясы саласы 1 шілдеден бастап бірыңғай сатып алу моделіне көшетінін мәлімдеді.

«Бұл мәселе бойынша жұмыс тобы өңірлерге аттанды. Тиісті субъектілермен, мекемелермен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басты мақсаты – электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмау, өнімсіз делдалдарды қысқарту, электр станцияларының техникалық мүмкіндіктері негізінде тәуліктік кестелерді қалыптастыру, жаңадан іске қосылатын генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін және жұмыс істеп тұрған станциялардың тапшылығы мен ағымдағы тарифтері кезінде импорттық электр энергиясының бағаларын теңестіруді қамтамасыз ету», дейді министрлік өкілі.

Жандос Нұрмағанбетов жалпы жөндеу жұмыстарына кеткен шығын тарифке әсер етпейтінін айтты. Десе де, 1 маусымнан бастап елдегі электр энергиясының тарифтері көтеріледі. Министрлік елдегі станциялардан түскен өтінімдерді қарастырып, 47 энерго ұйымның 27-сі бойынша шекті тарифтерді түзеткен. Тарифтердің орташа өсуі шамамен 24% құрайды.