Жаңалықтар

АЭС-сіз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мүмкін емес – Энергетика вице-министрі

Қазақстанда ерте ме, кеш пе АЭС салынады. Билікте оны қалай және қай уақытта салу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл жайлы ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты.

Біраз уақыт бұрын Қазақстанға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) жетекшілері келген. Сонда осы мәселе толыққанды талқыланған. 2060 жылы толық көміртегі бейтараптығына көшуді жоспарлаған елімізде АЭС салыну тиіс деген шешімге келген.

«Атом электр станциясын салмай, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мүмкін емес. Қазақстан қазірдің өзінде шешім қабылдады және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі тиіс. Сондықтан да, еліміздің энергетикалық баланс құрылымында атом электр станцияларына орын бөлінген. Қазіргі таңда оны қалай тез әрі сапалы етіп салу мәселесі және оның Қазақстан халқына және экономикасына қандай пайда әкелетіні зерттеліп жатыр», дейді вице-министр.

Сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдап, елімізде АЭС салу мәселесін талқылаған.

Ал АЭС-тің пайдасына келер болсақ, 4,5 грамм ядролық отын 350 кг мұнайға немесе 400 кг көмірге тең энергия бөледі екен.