Елорда әуежайын жөндеу жұмыстарына 20 млрд теңгеден аса қаражат қажет

Жарияланды
Астана әуежайы/Kursiv.media

Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев елдегі азаматтық авиацияның дамуын тежеп отырған инфрақұрылым мәселесі екенін айтып, қаржы сұрады.
Айтуынша, елорда әуежайындағы қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жыл бұрын пайдалануға берілген.

«Астана қаласы әуежайының инфрақұрылымын күрделі жөндеу және жаңғырту» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, «Мемлекеттік сараптаманың» оң қорытындысы алынды», – деді Марат Қарабаев.

Оның айутынша, бюджет өтінімін қалыптастыру үшін құжат дайындалып жатыр.
I кезең бойынша жобаның құны 11,5 млрд теңге – ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу;
II кезең бойынша жобаның құны 8,8 млрд теңге – рульдеу жолағын күрделі жөндеу, магистральдық рульдеу жолағы, әуеайлақтың су-дренаж жүйесін жөндеу.
Айтуынша, жұмысты жеделдету үшін бүгінде мәселені Қаржы министрлігімен бірге пысықталып жатыр.
Министр Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы созылып кеткеніне де назар аударды.

«Пайдалануға беру мерзімі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген еді. Алайда сот ісіне және жер учаскесін уақтылы бөлмеуге байланысты бірқатар себеппен құрылыс процесі 4 жылдан аса уақыт бойы жүргізіліп келеді», – деді Қарабаев.

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдігі биыл жобаны аяқтау бойынша барлық қажет шараны қабылдауы қажет екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз