Еуропа, АҚШ-тан екі есе қымбат: Үкімет басшысы әуе билетінің бағасын сынады

Жарияланды

Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елімізде әуе тасымалы жанданып, жолаушылар саны артып жатқанын айтты. Сондай-ақ осы саладағы бірнеше мәселеге назар аударды.

«Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылып жатыр. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді. Біз Үкіметте авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін бірнеше рет талқыладық. Отандық жанармайдың жеткілікті қоры Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық авиакомпанияларды тартудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Біз әуе көлігі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға, ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүдделі болуымыз керек», – деді ол.

Үкімет басшысы отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылатынын жеткізді.

«Рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағым көп. Рейстердің кешігу себебі уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін», – деді Смайылов.

Сол себепті баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек екенін айтты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев азаматтық авиацияның дамуын тежейтін бірқатар проблемалық мәселе барын айтты. Министрдің айтуынша, елімізде авиа отын мен білікті ұшқыштар тапшылығы бар. Сондай-ақ, авиацияның дамуын тежеп отырған инфрақұрылым мәселесі екенін айтып, қаржы сұрады.

Сонымен қатар жыл соңына дейін елімізде жаңадан 9 халықаралық әуе рейсі ашылатыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз