Жаңалықтар

Мәскеуге аспаннан шабуыл жасалды

Фото: kursiv.media

Бүгін таңертең Мәскеуге алыстан басқарылатын ұшу құрылғылары арқылы шабуыл жасалды. Бұл жайлы қала басшысы Сергей Собянин хабарлады.

«Бүгін таңертең қашықтан басқарлытан ұшу құрылғыларының шабуылы салдарынан бірнеше ғимаратқа зақым келді. Оқиға орнында қаланың барлық төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр. Олар болған оқиғаның мән-жайын анықтайды. Әзірге ешкім ауыр зардап шеккен жоқ», деді Мәскеу мэрі.

Қауіпсіздік мақсатында ұшу құрылғыларынан зардап шеккен екі үйдің тұрғындарын эвакуациялау шаралары жүргізілген. Арнайы қызмет жұмысы аяқталғаннан кейін тұрғындар пәтерлеріне қайта оралатынын айтқан, қала басшысы халықтан тек ресми дереккөздерге сеніп, тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұрады.

Осыдан бір апта бұрын, Ресейдің Украинамен шекаралас жатқан шағын қаласы Белгородқа да шабуыл жасалған болатын. Қақтығыс барысында Белгород облысында 500-ге жуық үй зардап шеккен. Бұл шабуылды «Ресей еркіндігі легионы» мен «Ресей еріктілер корпусында» қызмет ететін ресейліктер ұйымдастырған. Олар ерікті түрде Украина жағында соғыс жүргізіп келеді.

Ал 9 мамыр қарсаңында Кремль Ресей президенті Владимир Путинге қастандық жасамақ болғанын мәлімдеген.