Жаңалықтар

Каспий түбінен өтетін оптикалық желіні Қазақстан-Әзірбайжан бірлескен кәсіпорны тартады

Фото: kursiv.media

Каспий теңізі түбімен Қазақстаннан Әзрбайжанға 340 шақырым талшықты-оптикалық кабель өткізілмек. «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында «Қазақтелеком» өкілдері байланыс желісі бағытын айтты.

2022 жылы Қазақтелеком AzerTelecom компаниясымен суасты байланыс желісін бірлесіп салу туралы келісімге қол қойған.

Қор баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Транскаспий каналының негізгі бағыты Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазанына дейін өтеді және 340 шақырымнан асады. Сонымен қатар ұзындығы 330 шақырымға жуық резерв желі қазақстандық Құрық портынан Баку маңындағы Бузовна пунктіне дейін салынады.

«Қазіргі уақытта HLD (high-level design) жоғары деңгейлі дизайны әзірленді, толық ақпаратты қамтыған жол картасы бекітілді, қазір зерттеу жұмыстары аяқталуда. Каспий түбімен «оптика” тартатын құрылыс жұмыстарын тепе-тең негізде Қазақстан-Әзірбайжан бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады деп күтілуде», делінген хабарламада.

Транскаспий жобасы Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды, өйткені оны іске асыра отырып, ел халықаралық трафикке қосымша шығу жолын және Азия елдерінен Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға ие болады, әрі қарай Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға шығады.