Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 120 тонна көкөністі ысырап қылып, қоқысқа төккен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязовты қызметінен босатты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
26 мамыр күні әлеуметтік желіде қоқыс полигонына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы бейнежазба тараған. «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» қалдықтар 25 мамыр күні жойылғанын растады. Мұны «азық-түлік сақталғанда өз салмағын жоғалтады, ол табиғи өзін-өзі жоғалту деп есептеледі» деп түсіндірді.
Алайда аймақ басшысы бұл корпорация басшысының қателігі екенін, ысыраптың алдын алуға болатынын айтты.
«Самат Нұрахметұлы, шынында, бұл әрекет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, мамандарыңызбен бірге қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Бұл жұмыс та жасалмаған. 126 тонна өнім жарамсыз болғанша шірігенін күтіп, оны пайдаға асырудың балама жолдарын іздемегенсіздер. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды көрсетеді. Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Содан кейін әкім Самат Ерниязовты қызметінен босатып, ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
«Биыл көкөніс алдыңғы жылға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанымен (1547,1 тонн), жою көрсеткіші 3 есе аз, яғни 9,2%-ды құрап отыр. Ол алынған өнімнің сапасын қадаланғанның талапқа сәйкес сақталғанының нәтижесі», – деді Талғат Дүйсебаев.
2023 жылғы күзгі өнімнен 3 453,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала ақы төлеу шартымен форвардтық сатып алу көлемі белгіленіп, тұрақтандыру қорын толықтыруға 901,6 млн. теңге бағытталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес азық-түлік тауарларының тізбесіне әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар енгізілген.
Сауда министрлігі елімізде жанармай мен дизель отынының қымбаттауына байланысты азық-түлік бағасы 2-5 пайызға көтерілуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2010 жылдан бері Қазақстанда азық-түлік бағасы 2 есе өскен.