«Ресейден импорттауға тура келеді»: Қазақстанда авиа отын жетіспейді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елімізде авиа отын мен білікті ұшқыштар тапшылығы бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа азаматтық авиацияның дамуын тежейтін бірқатар проблемалық мәселе барын айтты.

«Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі – ішкі нарықтағы авиа отынның тапшылығы және оның жоғары құны. Сондықтан отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етіп жатыр», – деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, авиа отын нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты авиакомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігіне жауап бере алмайды.

«Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиа отынға деген қажеттілікті өтемейді. Осыған байланысты отынды Ресейден импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиа отын өндірісінің жыл сайынғы көлемін (жылына 1 млн тонна) ұлғайту қажет. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді», – деді министр.

Екіншіден, салада білікті кадрлардың тапшылығы бар. Қазір осы салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

«2025 жылға дейін қосымша кадрларға қажеттілік артып келеді. Қазақстанда Орталық Азия елдерінде кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Алайда академия түлектері, ИКАО стандарттарына және мамандар дайындау саласындағы басқа да халықаралық талаптарға сәйкес келмеу себебінен сұранысқа ие емес», – деді ведомство басшысы.

Сондықтан негізгі әуе компаниялар кадрларды өздері оқытуға мәжбүр.

«Кадрлар тапшылығы мәселесін шешу және студенттеріміздің сұраныс деңгейін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін түбегейлі реформалау, сондай-ақ оқыту процесін ИКАО-ның озық стандарттарына сәйкес келтіру мәселесін пысықтап жатырмыз», – деп сөзін түйіндеді Марат Қарабаев.

Ал осыған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев алдағы уақытта «Қазмұнайгаз» компаниясының авиакеросин өндірісін 3 есе арттырып, бұл отын көлемін жылына 313 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз