Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты. Құспан депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
Айтуынша, қазір заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң 30 жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниелерін мемлекетке қайтаруды көздейді.
«Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңірлерден Атырау облысы донор есебінде бірінші орында тұр. Қазақстанда қызмет етіп жатқан шетелдік үлесі бар компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде ТеңізШеврОйл компаниясы танылғаны белгілі. Жақында ғана компания өзінің Қазақстан нарығындағы қызметінің 30 жылдығын атап өтті, осы уақыт ішінде ол Қазақстан қазынасына 176 млрд доллар қаржы құйған», – деді Абзал Құспан.
Айтуынша, Қазақстанның шетел асқан қазынасын іздестіреміз десек негізгі назарды осы өңірге және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орындарының бірі – Теңіз айлағына аударуымыз керек.
«30 жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді», – деді Мәжіліс депутаты.
Айтуынша, ел арасында мұндай фирмаларды «аралық қабат» деп атайды.
«30 жыл бойы түрлі жемқорлық жолдарымен елден ақша шығарудың сұр схемалары әлі де қалыпты жұмыс істеп тұр», – деді ол.
Соған байланысты прокуратура тарапынан тексеру ұйымдастыруды сұрады.