Активін өз еркімен қайтарған жемқорларға кешірім беріледі

Жарияланды
Коррупционеры смогут избежать наказания

Фото: shutterstock.com

Қазақстандық жемқор шенеуніктер ұрланған қаражатын өз еркімен қайтарса, қылмыстық жазадан құтыла алады. Мұндай өзгеріс Мәжілісте қаралып жатқан заңсыз иемденген мүліктер туралы заң жобасында бар.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, жиған-терген активтерін заңсыз шетел асырып жібергендер оны өз еркімен елге қайтарса, онда билікпен екеуара келісімге келе алады.

«Егер азамат мүліктің бір бөлігін немесе бәрін қайтаруға міндеттенсе, онда ол қылмыстық қудалауға ұшырамайды. Егер ол өз еркімен қайтарса, одан әрі ешкім қудаламайды. Бұл – өз еркімен қайтарудың негізгі шарты», – дейді депутат.

Сонымен қатар, Имашева заңсыз алынған мүліктің бәрі мемлекетке қайтарылмайтынын айтты. Атап айтқанда, егер активті қайтару ауыр экономикалық немесе әлеуметтік салдарға әкеп соғар болса, үкімет оны қайтарудан бас тартады.

Мысал ретінде ол акционерлерінің кетуі ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін банктерді келтірді.

«Жалпы мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағдайына айтарлықтай әсер ететін активтер бар. Айталық, банк проблема бар деп жариялай сала, салымшылар депозиттегі қаржысын шешіп алады. Кредиторлар оны қаржыландыруды тоқтатады, бұл біздің қаржы жүйеміздің тұрақсыздығына әкеп соғады. Бұл жерде комиссия әлгі активті қайтару қаншалықты орынды екенін анықтау керек», – деп нақтылады депутат.

Снежанна Имашева заң жобасының мақсаты активтерді елге қайтару екенін атап өтті. Сондықтан әрбір мәселені үкімет мүшелері мен депутаттардан құралған комиссия қарайтын болады.

Былтыр маусым айында Қазақстан Президенті экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия құрған. Оның қызметі заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға бағытталады. 2022 жылдың қыркүйегінде елге 518 миллиард теңге қайтарылды.

Мамыр айының ортасында бас прокурор Берік Асылов Қазақстаннан заңсыз шығарылған 760 миллиард теңгенің елге қайтарылғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз