Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіретін мердігер ретінде қытайлық консорциум таңдалды

Жарияланды

Алматы қаласында газбен жанатын жаңа Алматы ЖЭО-2-ні салушы мердігермен шартқа қол қойылды.

«Самұрық-Энерго» баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа станция жұмыс істеп тұрған ЖЭО алаңына салынады, онда бүгінгі күні негізгі отын ретінде көмір, ал іске қосар кезде  мазут пайдаланылады.

«Жаңа газ-турбиналық ЖЭО-ны салушы мердігер энергетика саласындағы «Dongfang Electric International Corporation», «Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co., Ltd», «Powerchina Hebei Electric Power Engineering Co., Ltd» жобаларын іске асыруға мамандандырылған үш ірі қытайлық компаниялар консорциумы болды. Консорциум  дегеніміз – компаниялар одағы, олардың біріншісі – өнеркәсіптік жабдықтардың ірі өндірушісі, екіншісінің  жобаларды ЕРС-шарттары бойынша іске асыру тәжірибесі бар, үшіншісі – жобалау жұмыстарына маманданған компания», делінген компания таратқан ақпаратта.

Мердігерді анықтау үшін, «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, жаңғырту» жобасы шеңберінде, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) халықаралық стандарттары мен қағидалары бойынша өткен екі кезеңді ашық халықаралық тендер өткізілген. Тендер өткен жылдың қазан айында жарияланған болатын. Барлығы 6 қатысушыдан өтінімдер келіп түсті. Тендердің 2-кезеңі аясында екі өтінім қаралған. Нәтижесінде, ЕҚДБ ережелеріне сәйкес, конкурс өтті деп саналады және банк 2023 жылдың мамыр айының соңында оның жеңімпазы – үш қытайлық компанияның консорциумын растады.

2022 жылдың қарашасында станция иесі АлЭС пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында Жобаны қаржыландыру туралы несиелік келісім жасалды. Жалпы, жобаны қаржылық қолдауды ЕҚДБ-дан басқа Азия Даму Банкі (АДБ) және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) кіретін халықаралық және қазақстандық қаржы құрылымдары жүзеге асыратын болады. АДБ және ҚДБ-мен тиісті құжаттарға қол қою 2023 жылғы маусымға жоспарланып отыр. Қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» қоры корпоративтік кепілдік береді. Бұл сарапшылардың бағалауы бойынша тәуекелдерді азайтуға және кредиттеу шарттарын жақсартуға ықпал етеді.

«Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасына сәйкес электр қуаты 600 МВт-ға дейінгі және жылу қуаты 957 Гкал/сағ дейінгі газ турбиналы ЖЭО салу көзделіп отыр. Станцияға газ турбиналық блоктардың корпусы мен су жылыту қазандығы кіреді.Жобаның мақсаты – ЖЭО-2-ні табиғи газды жағуға ауыстыру есебінен станцияның Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс әсерін азайту. Жобаны аяқтау және станцияны пайдалануға беру 2026 жылдың желтоқсанына жоспарлануда», делінген хабарламада.

«Самұрық-Энерго» ақпаратына сәйкес, Алматыдағы – ЖЭО-2 және ЖЭО-3 станциялары газға ауыстырылғаннан кейін қала атмосферасына зиянды заттардың шығарындылары 92%-ға төмендейді. Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының айтуынша, жоба Қазақстанның оңтүстік аймағындағы электр қуаты нарығының тапшылығын жабуға бағытталған.

Келісім шартқа қол қою рәсімі Алматы ЖЭО-2 аумағында, жаңа станцияға бөлінген жерде өтті. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» қоры, ҚР-дағы ҚХР Елшілігі, ҚР Энергетика министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Самұрық-Энерго»АҚ өкілдері қатысты. Тапсырыс беруші тарапынан келісімшартқа «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) Басқарма Төрағасы Ерлан Қырқынбаев, мердігер тарапынан – «Dongfang Electric International Corporation» компаниясының халықаралық маркетинг бөлімі бас директорының орынбасары Цзян Лисян мырза қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз