Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары барысында Алматыдағы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жұмысымен танысты. Онда Президентке сақталып қалған Ахмет Байтұрсынвтың қолжазбасы таныстырылды.
Президент орталықтағы құжаттарды сақталу шарттарымен, мұрағат құжаттарын қалпына келтіру және микрофильмдеу кабинеттерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар бойынша жүргізілген жұмыстардың экспозициясы көрсетілді.
«Архив – біздің тарихымыздың негізі. Сондықтан тиісті құжаттарды дұрыстап сақтауымыз керек. Бұл ел үшін керек», деді Мемлекет басшысы.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жетекшісі Гүлшат Нұрымбетова жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының барысына тоқталды.
«Алғашқыда орталыққа 162 мың іс қабылданады деп жоспарланған. Алайда деректерді, мәліметтерді нақтылау барысында ол істердің 715 мың екендігі анықталды. Жалпы, орталықтың жұмыстарының бір бағыты құпия құжаттарды құпиясыздандыру. Нәтижесінде біз 3 мыңға жуық хаттамадан тұратын ішкі істер министрлігінен түскен НКВД үштіктерінің хаттамаларын құпиясыздандырдық. «, деді орталық жетекшісі.
Сонымен бірге Мемлекет басшысына Алаш қайраткерлерінің жеке құжаттары көрсетілді. Ондағы ең құндысы Ахмет Байтұрсыновтың қолжазбасы болды. Президент алаш қараткерінің жазуына мән беріп, анық оқылатынын атап өтті.
«Біз ұзақ уақыттан бері Ахмет Байтұрсыновтың қолжазбаларын көрмеген едік. Мұны тұңғыш рет жариялап отырмыз», деді орталық қызметкері.
Сонымен бірге құнды құжаттардың арасында Мағжан Жұмабаевтың паспорты мен Темірбек Жүргеновтің жұбайына НКВД мақсатты түрде бермей қойған Ташкент медициналық университетін тәмамдағаны туралы медициналық куәлігі де бар.
Орталықтың ашылуына 2020 жылдың қараша айындағы Президент Жарлығы себеп болды. Нәтижесінде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, оның жұмысына қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы орталықты ашу жөнінде шешім қабылданды.
ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратураның арнаулы мұрағаттарынан ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар жинақталып, орталыққа өткізілген. Мұнда қазіргі таңда 1 миллион 132 мың іс сақталған. Алдағы уақытта орталық қорына 715 мыңға жуық істі қабылдап алу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы тарихымызды зерделеу ісінде орталықтың жұмысы маңызды екенін атап өтіп, ұжымға сәттілік тіледі. Оңтүстік астанаға сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік нысандарды аралап, бірқатар кездесу өткізеді. Күн тәртібінде Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинмен кездесу жоспары да бар.