Өткен аптада Президент Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық одақтың екінші форумына қатысып келді. Арада бір апта өтсе де Қазақстан басшысының сол жиында айтқан кейбір сөздері қоғамда әлі де қызу талқылануда. Бұл тұрғыда сарапшылар тарапынан Мемлекет басшысы аталған одақтың болашағына қатысты Қазақстанның ұстанымы мен мүддесін бір жерде нақты, бір жерде астарлап жеткізді деген пікірлер айтылуда.
Белгілі заңгер Қазыбек Дәуіталиев, Тоқаевтың осы жиында «Қазақстан Еуразиялық экономикалық интеграциядан бас тартпайды», сонымен қатар, «Тек экономикалық сипаттағы интеграцияға ғана жол беріледі», -деген сөздеріне қарап, Президент біздің елдің ұстанымын нақты атап өтті деп айтуға болады деп саралайды. Оның пікірінше, құрылыс саласындағы материалдардың әлі күнге Ресейден тасымалдануы ықпалдастықтың зиянынан, пайдасы көбірек екенін көрсетеді.
«Десе де бұл өте қиын мәселе. Айталық, ЕАЭО мәлімдеп отырған 4 бостандықтың бірі еңбек ресурсының еркін қозғалуы. Бүгінгі таңда ғылыми атақ-дәрежесі бар мүше елдердің азаматтары нострификация өтпей, екінші бір елде соған лайықты жалақы ала алмайды. Жұмысқа тұра алмайды. Сондықтан экономикалық интеграция аумағынан шықпаймыз деу – шартты түрде айтылып отырған позиция. Бұл сөзсіз әлеуметтік, мәдени, тіпті саяси салаларды да шарпитын болады»,-деді сарапшы.
Оның пікірінше Тоқаев аталған форумда «Экономикалық интеграцияның көрсеткіші – интеграциялық құжаттардың саны емес, мүше елдерде тұрып жатқан халықтың нақты әл-ауқатының сапасы болуы тиіс»,-дегенді айта отырып кейбір ұстанымдарымызды астарлап та жеткізе алған.
«Бұл арада Қ.К.Тоқаев екі мәселені айтқысы келді деп ойлаймыз: Біріншіден алдағы уақытта Қазақстан халқы шетелдік автокөлікті қымбат бағаға сатып алмайтын болады. Ресейлік автоөнеркәсіптің мүддесіне бола кедендік рәсімдердің қымбат шығуы Қазақстан халқына мүлде тиімсіз. Мұндай минусқа кететін интеграция шын мәнінде әлеуметтік проблемалардың шиеленісуіне, наразылық көңіл-күйдің өсуіне әкеліп отырғанн Президент жақсы біліп отыр. Сонымен қатар ары қарай инерциямен жүріп, жаңа экономикалық құжаттар қабылдай бермейік. Алдымен осы бар дүниені мәніне сай атқарайық. Интеграцияны жаңа деңгейге шығаруға асықпайық деп тежеу салып, тоқтам айтқандай болды»,-дейді заңгер Қазыбек Нұрсейітұлы.
Заңгердің айтуынша, екінші рет өткізіліп отырған форумда экономикалық одаққа мүше елдердің оның ішінде Ресей мен Беларустың кейбір ортақ мүдделері басқа одақтастардың құқықтық мүмкіндіктеріне қалай әсер етіп отырғаны да Президент аузымен астарлап жеткізілген.
«Бұл нені білдіреді? Ресей мен Беларусь 2001 жыдан бастап Одақтас мемлекет туралы құжатқа қол қойып, осы күні 8 бағытта – экономикалық, әскери, әлеуметтік, гуманитарлық, валюталық және т.б. ықпалдасып отыр. Бұл дегеніміз Ресей мен Беларусь бір мемлекет, сәйкесінше ЕАЭО-дегі дауыс беру құқығы да екеуіне ортақ – 1-еу ғана болуы тиіс дегенге меңзейді. Бүгінде ЕАЭО-қа 5 ел мүше – Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғыстан және Армения. Келешекте дамимыз десек 5 ел, 4 дауыс болуы тиіс. Мұндай жағдайда Қазақстан мен Қырғыстан бір жаққа, Ресей мен Беларуссия бір жаққа тартатын болады. Арменияға қай жеңгенің менікі деп саудаласу мүмкіндігі туындайды», деп атап өтті заң ғылымдарының кандидаты Қ. Дәуіталиев.м
Оның пікірінше осы кездесуден Қ.К.Тоқаевтың қоғамдық-саяси көзқарасы – еуразияшыл дискурсқа жататыны анық байқалды. Сабақтастықты басты қағида ретінде қараймын деген мәлімдемесін ескерсек, еуразияшыл идеяны – жалғастырушы, оған жаңа мән беруші тұлға ретінде бой көрсетіп отыр.
Сарапшының сөзіне қарасақ, Тоқаевтың өз ұстаным-мүддесін нақты, кей жерінде астарлап жеткізуін екі түрлі мағынада түсінуге болады.
«Бірінші мағынасы – кәсіби дипломатиялық құзырет болса, екінші жағынан – Ресейден әлі де қауіптену мен кіріптарлық бар. Меніңше бірі – екіншісін теріске шығармайды және қәзіргі уақыттағы геосаяси ахуал мен қауіп-қатердің тәуекелдеріне сай келеді»,-деп түйіндеді өз ойын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аға оқытушысы Қазыбек Дәуіталиев.
Одақтан дәл қазір шығып кету асығыстық
Соңғы кезде түрлі сарапшылар тарапынан аталған одақтың Қазақстан үшін тиімсіз жағы көбірек екені де жиі айтылып жүр. Бұл тұрғыда әсіресе экономист сарапшылар нақты дәлелдерді алға тартады. Экономистт сарапшы Мұрат Қастаевтың пікірінше, Еурозиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) Қазақстанға тиімсіз екенінің жылдан жылға дәлелдері көбейіп жатыр.
«Негізгі тиімсіз бір тұсын айтар болсам,– біздің ел дербес экономикалық, сауда саясатын жүргізе алмауда. Қазақ экономикасының Ресей экономикасына құрылымы жағынан ұқсас болғандықтан, біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырмай, керісінше, көп салаларда біз тек бәсекелес болып табыламыз.. Алайда, бұл одақтан дәл қазір барлық байланыстарды күрт үзіп, шығып кету асығыстық болады. Себебі, қазір еліміздің мақсаты – экономикамызды күшейтіп, қарулы күштерімізді қайта құрып, жасақтап, мұнай экспортын әртараптандырып, ЕАЭО-дан зардап көрмей шығуға барынша дайындалу. Президентіміз кәсіби дипломат ретінде мұны жақсы түсініп, дұрыс түрде жүзеге асырады деп ойлаймын»,-дейді экономист- сарапшы Мұрат Қастаев.
Сарапшының сөзінше дәл қазіргі уақытта экономикалық жағынан Ресейдің бізге деген біршама тәуелділігі артып келе жатқаны көрінеді. Ол осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдланып қалу жағын қамдауымыз керек.
«Қазіргі таңда Ресейге көп тауарлар біздің территория арқылы өтіп жатыр, яғни олардың бізге деген тәуелділігі артты. Соны тиімді пайдалана отырып, кедендік төлемдердегі Қазақстанның үлесін арттыруды талап ету керек. Яғни біздің мүдделерімізді ілгері жылжыту керек, себебі дәл қазір Ресей Қазақстанмен де қарым-қатынасты құртуға сескенеді. Қазіргі Қазақстан бұрынғы жуас Қазақстан емес, артында Қытай мен түркі тілдес елдердің қолдауына сүйеніп отырған Қазақстан. Осы жерде аталған одақты саясиландыруға тырысатын Ресей мен Беларусь өкілдеріне, ЕАЭО бастапқыдан тек экономикалық ынтымақтастық ұйымы екенін, яғни экономикалық байланыстар әрі қарай саяси немесе валюталық одаққа айналуына жол жоқ екенін Тоқаев осы жиында тағы бір еске салып өткендей болды»,-деп топшылайды DAMU Capital Management компаниясының бас директоры, М. Қастаев.