Сәуір айында банк секторының активтері 0,4 пайыз азайды
Фото: shutterstock.com
Сәуір айында еліміздің банк секторының активтері 0,4 пайызға немесе 184 млрд теңгеге азайып, 44,8 трлн теңгені құраған. Оған себеп – өтімді активтердің 3,6%-ға немесе 697 млрд теңгеге төмендеуі. Дегенмен жыл басынан бері 0,6 пайызға немесе 0,3 трлн теңгеге өскен. ҚНРДА банк секторының жай-күйі жайлы есебін жариялады.
Өтімділігі жоғары активтер 13,5 трлн теңгені немесе активтердің 30,2%-ын құраған. Агенттік бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді дейді.
Экономикаға қанша несие берілді?
2023 жылғы сәуірде екінші деңгейлі банктер экономикаға берген кредиті 2,5%-ға 23,7 трлн теңгеге дейін өскен. Ұлттық валютадағы кредиттер 2,6%-ға 22 трлн теңгеге дейін артып, шетел валютасындағы кредиттер 1,35%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін, оның ішінде қайта бағалау есебінен 0,4%-ға өсті
Сонымен қатар, сәуір айында корпоративтік несие өсімі жеке тұлғаларға берілген несие өсімнен асып түсті. Осылайша, заңды тұлғаларға берілген кредит 2023 жылғы сәуірде 3,3%-ға 8,8 трлн теңгеге дейін жетті.
«Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы сәуірде 3,4%-ға 9,9 трлн теңгеге дейін өсті . ШОБ субъектілеріне қарыздар 5,1%-ға 6,3 трлн теңгеге дейін өсті, ірі бизнеске берілген қарыздар 0,5%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды», делінген хабарламада.
2023 жылғы сәуірде бизнес субъектілеріне 1,3 трлн теңге сомасына жаңа қарыз берілген, Бұл 2023 жылғы наурызбен (1 143 млрд теңге) салыстырғанда 16,1%-ға артық.
Тұтынушы қарызы қанша?
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,1% өскен. Оған тұтынушылық қарыздың 2,0%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,3%-ға 4,9 трлн теңгеге дейін өсуі себеп.
«Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторы бойынша берешек мерзімінің өтуі 90 күннен асқан қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,5%-ын немесе 889 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтарда – 3,4% немесе
815 млрд теңгені) құрады», дейді ҚНРДА.
90 күн төленбеген «нашар» несие көлемі қанша?
Шағын және орта бизнесті есепке алғанда, заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 3,1%-ды немесе 341 млрд теңгені құраған. Ал жеке тұлғалар портфелінде 4,0%-ды немесе 549 млрд теңге болып тұр. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 78,4%-ды құрады.
«Сәуір айында банктердің меншікті капиталы 3,6%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін өскен. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,8%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,7%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.
ЕДБ депозиттерінде қанша қаржы жатыр?
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері заңды тұлғалар депозиттерінің 3,0%-ға 14,5 трлн теңгеге дейін төмендеуінен 2023 жылғы сәуірде 1,3%-ға 30,3 трлн теңгеге дейін азайған. Бұл ретте жеке тұлғалардың депозиттері 0,3%-ға 15,8 трлн теңгеге дейін өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы сәуірде 0,7%-ға 21,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 2,9%-ға 8,9 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі төмендеді және 2023 жылғы 1 мамырда 29,3%-ды құрады, бұл 2007 жылдан бергі ең төмен мән.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы сәуірде 14,5%-ды, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,9%-ды құрады.
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 12-сі шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.